Қазақстанның Норвегиядағы Құрметті консулы конституциялық реформаны тарихи оқиға деп атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Норвегиядағы Құрметті консулы Миккель Доблоуг Қазақстандағы конституциялық реформаға қатысты пікірімен бөлісті.

«Менің ойымша, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Қазақстан Президентінің өкілеттігінің бөлігін Үкімет пен Парламентке беру - тарихи оқиға. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Үндеуі бойынша, Министрлер кабинетіне экономикалық салада айтарлықтай өкілеттік берілетін болады, ал Президент, қорғаныс мүмкіндіктері, сыртқы саясат, мемлекетттік басқару, Конституцияны қорғау және билік тармақтары арасындағы тиімді жұмысты қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын болады. Қазіргі тәжірибеде - мұндай бірегей саяси шешім, Қазақстанда демократиялық үдерістерді дамытуға ықпал ететін болады деп есептеймін», - дейді ол.

Сондай-ақ, оның пікірінше, Парламент рөлінің күшейуі және Үкімет жұмысының ашықтығы маңызды болып табылады. Аталған реформаның жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған фактінің де маңыздылығы кем емес. Осылайша, әрбір азамат өз мемлекетінің дамуының болашақ жолын анықтауға қатыса алатын болады.

«Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан үлкен нәтижелерге қол жеткізді және президенттік басқарудың үлгісінде тұрақты және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде өзін көрсете білді. Президенті Назарбаевтың ұсынған реформасы - барлық салаларда Қазақстанның одан әрі дамуына ықпал ететін парасатты шешім деп есептеймін», - деді Миккель Доблоуг.