Қазақстанның өндірушілері ауған бизнесімен 700 мың долларды құрайтын келісімшарт жасады
«В2В» форматындағы екіжақты сессия барысында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылып, ауған бизнесі тауарлар сапасына көз жеткізген болатын. Соның арқасында ауғанстандық кәсіпкерлер макарон өнімдерін шығаратын қазақстандық компаниялар өнімдеріне үлкен қызығушылық тудырды. Келіссөздер нәтижесінде ауған бизнесмендері өнімді тікелей жеткізу туралы уағдаласып, Ауғанстанда макарон өнімдерінің тауар желісіне эксклюзивті дистрибьютер болуға ұсыныстарын жеткізді», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, ауғанстан кәсіпкерлері жақын аралдықта Қазақстанға сапарлап, макарон өнімдерін шығаратын зауытпен танысқысы келетіндерін де алға тартқан.
Бұдан бөлек, қазақстандық соя дақылдарын өңдейтін кәсіпорындар ауғанстандық сүт өндіру қауымдастығының өкілдерімен де келісімшарттар жасасқан.
«Халық саны 35 миллионды құрайтын Ауғанстан экономикасы қазір тұрақталып, қозғалыс жанданып келе жатыр . Соның ішінде перспективалық бағыттардың бірі Ауған үкіметінің инфрақұрылымдық жобаларына қазақстандық мердігерлердің қатысуы болып отыр. Ауғанстан жыл сайын инфрақұрылымдық нысандар құрылысына 2 млрд. долларға дейін қаражат бөлуде. Оның аясында электр желілері, темір жол желісі, автокөлік жолдары мен коммуникациялық желілер құрылысы бар», - дейді Қазақстан сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мейірбек Мәжитов.
Қазақстан сыртқы сауда палатасы мен Ауғанстан сауда-өнеркәсіп палатасының бірлескен форумының қорытындысы бойынша іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылданған. Кеңес екі ел кәсіпкерлерінің ынтымақтастығын нығайтуға жұмыс істейтін болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанмен сауда-саттық ауқымын кеңейту мақсатында Кабулде Қазақстанның алғашқы сауда үйі ашылған болатын.