Қазақстанның өңірлерді жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының жалпы бюджеті 193 млрд. теңгені құрайды ? Е. Орынбаев

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның өңірлерді жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының жалпы бюджеті 193 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп екі бағыт бойынша жергілікті бюджеттерді оңтайландыруды пысықтады», деді отырыста Е. Орынбаев. Оның айтуынша, бірінші бағыт бойынша даму бюджеттері 50 пайызға қысқартылды. Бұған жаңа нысандардың құрылысын салу және реконструкциялау, басымды емес нысандардың құрылысы, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, ақпараттық жүйелерді құру, жарғылық капиталды толтыру сынды шығындар кіреді. Мұндай шығындар 50 пайызға дейін қысқартылады. «Екінші бағыт бұл ағымдағы сипаттағы басымды емес шығындарды қысқарту. Бұларға іссапарлар шығындары, біліктілікті арттыру, мемлекеттік органдардың ғимараттары мен жайын күрделі жөндеу, мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жабдықтау және басқа да шығындар кіреді», деді Е. Орынбаев. «Осы критерий мен тәсілдерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың теңдей қаржыландыру сомасы 53 млрд. теңгені құрады. Осылайша жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының жалпы бюджеті 193 млрд. теңгені құрап отыр», деді вице-премьер.