Қазақстанның оңтүстігінде, шығысы мен батысында су тасқыны болуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Қазақстанның оңтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде жауған жаңбыр су тасқындарына себепші болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Синоптиктердің айтуынша, 7-9 наурыз күндері Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашын болып, кей жерлерде жаңбыр күшейе түседі, соның салдарынан өзендердің арнасындағы мұз жарылып, сең жүруі, таулы аймақтарда қардың еруі салдарынан өзендердің арнасынан тасуы мүмкін.

Спутниктен түсірілген суреттерге қарағанда, 5 наурызда Алматы облысында қары кетпеген аумақ 28%-ды, Жамбыл облысында 5%, Оңтүстік Қазақстан облысында 3% және Шығыс Қазақстан облысында 89%-ды құрайды.

8-9 наурызда Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында күн жылынып, күндіз ауа температурасы 3-8 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Қар аралас жауған жаңбыр қардың жылдам еруіне себеп болады.

Қызылорда облысында қар кетпеген аумақ 47%-ды құрайды, Атырау облысының 59%, Батыс Қазақстан облысының 98%, Ақтөбе облысының 99%, Қостанай облысының 98%, Қарағанды облысының 93% аумағы әлі қар астында жатыр.