«Технология трансфертін қамтамасыз етумен бірқатар бірлескен өндірістер табысты жұмыс істеуде. Осы орайда электронды-оптикалық құрылғыларды шығарып жатқан «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» (КАЕ) ЖШС өнімдері сұранысқа ие. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорын 25 млрд теңгеден астам сомаға 12 мыңнан астам өнімді еліміздің түрлі ведомстволарына жеткізді. Бұл тұрғыда күш құрылымдар бөлімшері түнгі көру құрылғыларымен және басқа өнімдерімен толықтай қамтамасыз етілді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр компания өз өнімдерін шетелге экспортқа шығара бастады. 2017 жылдың экспорты екі млрд теңгеге жетті.
Электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын бұл өндірістің өнімдері бүгінде жоғары сұранысқа ие. Онда қазіргі кезде көздеуіштер, монокулярлар, түнде көру бинокулярлары; жылубейне көздеуіштері; барлау және радиобайланыс құралдары; жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіруге арналған ықшам лазерлі кешендері; қашықтықтан басқарылатын әскери модульдері; инфрақызыл линзалар және электронды платалар өндіріледі.
Бұдан бөлек Атамқұлов «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының жауынгерлік дөңгелекті машиналарын шығару жұмыстарына тоқталды.
Айта кетейік, бұл зауыт Орталық Азиядағы заманауи броньды дөңгелекті машина шығаратын ең ірі кәсіпорын. Кәсіпорын броньды техниканың төмендегі түрлерін шығарады: 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» БДМ; - 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Алан» БДМ; - 6х6, сондай-ақ 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лер.
8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» БТР-лері 2016 жылғы KADEX-тен кейін ауқымды сынақпен қамтылды. Қорғаныс министрлігінің ескертпелерінен кейін машина жетілдіріліп, биыл әскери техника қыс мезгіліндегі экстремалды табиғи-климаттық сынақтардан сәтті өтті. Алдағы уақытта енді жазғы сынақтар ұйымдастырылады.