Қазақстанның органикалық өнімдерінің сапасы француздық тауардан жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ірі ритейлдердің бірі қазақстандық органикалық өнімдердің сапасын фрацуздық өнімге қарағанда жоғары бағалап отыр. Бұл жайында табиғи таза өнімдерді өндіру мәселесіне арналған жиында «Жасыл экономика үшін және G-GLOBAL-ды дамыту» коалициясы басқармасының төрайымы Салтанат Рахымбекова кеңінен баяндап берді.

Атап айтқанда, бұл тұрғыда көкөніс өсіретін Астанадан 40 шақырым жерде орналасқан фитодиодты жылыжай мен күн биовегитаридің мүмкіндіктері зерттелген.

Естеріңізге сала кетейік, бұл эксперименттік алаң Халықтық «жасыл» технологиялар академиясы жанынан құрылды. Бұл жерде органикалық өнімдік өсіру үшін құрамында химиялық заттар мен нитраттары жоқ және табиғи жолмен өңделген көң пайдаланылады.

«Бұл шағын жылыжай. Біз бұдан бизнес жасау туралы ойламаған едік. Алайда, бұндай қадам жасауға біздің серіктес болып табылатын ірі сауда желісі тиісті ұсыныс жасады. Олардың мәліметіне қарағанда, сатып алынатын кейбір өнімдер қымбат, бұл өз кезегінде тұтынушыларға да ауыртпалық түсіреді. Осы ретте бұл сауда желісі көкөністер мен өзге де өнімдерді тұтынушыға қолайлы бағамен сатуға мән бермек», - деді С. Рахымбекова.

Оның сөзіне қарағанда, аталған сауда желісі үшін экологиялық таза органикалық өнім дайындау туралы келісім жасалды, сонымен қатар серіктестер өнімнің сапасы бойынша зертханалық нақтылау шараларын өз мойнына алып отыр.

«Яғни, біздің өнім ірі сауда желісінде «KZ Organic» таңбасымен пайда болады. Бұл ретте біз барлық талаптарға сай болуға тырысамыз. Бұл сауда жесінде зертханалық зерттеу мүмкіндіктері бар. Мысалы, олар біздің өнім мен Франциядан жеткізілетін өнімдердің сапасын тексеріп, қазақстандық өнімнің құрамы кейбір дәрумендерге бай екендігі анықталды. Осы орайда олар біздің өнім жақсырақ екенін атап, басымдық беріп отыр», - деді Салтанат Рахымбекова.

Белгілі болғандай, аталған ритейлмен меморандум бекітілген екен. Коалиция органикалық өнімді ашық егістіктерге өсіру ұсынысын жасап отыр.

«Арнасай ауылында және басқа да бірнеше елді мекенде бақша өсіруге жұмыссыз жүрген 100 әйелді тартуды жоспарлап отырмыз. Біз таңдаулы органик-тұқымдарды, органикалық тыңайтқыштарды жеткізіп, тамшылап суару технологиясын орнатамыз. Осы жоба аясында суды үнемдеуге жол ашатын гидрогельді, агроталшықтарды сынақтан өткіземіз», - деп түсіндірді ол.

Топырақпен араласқан гидрогель күз және қыс кезінде жаңбыр мен қардың суын бойына сіңіріп, өсімдікке қажетті ылғалды қамтамасыз етеді. Ал агроталшықтар өсімдіктің мол өнім беруіне қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

С. Рахымбекованың пайымынша, қазіргі кезде органикалық өнімді растайтын Қазақстанда арнайы зертхананы құру мәселесі күнтәртібінде тұр. Оның мәліметіне қарағанда, еліміздегі органикалық өнімді өндіретін шаруашылықтар зертханалық нақтылауды Германияға, Түркияға өнім сынамаларын жіберу арқылы алады. Бұл зертханалар астық сапасымен қатар, топырақ тазалығын және басқа да көрсеткіштерді тексереді.

«Біз бұл бағытта «неліктен өнімді алыста тексертіп жүрміз?» деген мәселені көтеріп отырмыз. Астық экспорттаушы ірі мемлекеттің бірі болғандықтан, бізде осындай зертхана болуы тиіс. Зертхананың құны айтарлықтай қымбат. Дегенмен де біз осы мәселені көтеріп келеміз»,-деді ол.