Қазақстанның орман алқаптары 10 жылда 24 мың гектарға ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның орман алқаптары 10 жылда 24 мың гектарға ұлғайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаудың, өсімін молайтудың және олардың объектілерін орнықты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өтіп жатқан «дөңгелек үстел» барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарына жататындығы белгілі. Орманды алқаптар елдің 4,6 пайызын ғана алып жатыр. Сондықтан екпелерді көбейту министрліктің негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. Осы орайда жергілікті әкімдіктер бекіткен жоспарға сәйкес өңірлерде жасыл аймақтарды құру, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осынау маңызды жұмыстарды атқару үшін әр өңір бойынша 5 жылдық жоспар жасалып, бекітілді. Айта кету керек, бұл жұмыс биылғы жылға дейін жүйелі жүргізілмеген болатын. Дегенмен, соңғы 10 жылда 2005 жылғы 31 мыңнан ағымдағы жылы 55 мың гектарға дейін ұлғайды», - деп атап өтті вице-министр.

Бұл ретте ол Елбасы тапсырмасына сәйкес Астана маңында жасыл желек құру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын баса айтты. Бүгінде бұл аймақтың көлемі 75 мың гектарға жеткен.

«Орман саласын қолдау мен сауықтыру бойынша бірқатар шешім қабылданды. Олардың бастылары мыналар: жұмыр ағаш материалдарының экспортына тыйым салу, сексеуіл ормандарындағы аған кесудің барлық түріне мораторий жариялау. Қылқан жапырақты ормандарда санитарлық мақсатта және өртенген орман ағаштарын кесуге тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар табиғи қалдықтарды да қолдануға тыйым салынды. Сауда орындары мен жанармай құю бекеттерінде сексеуіл сатуға тыйым салу жөніндегі шаралар қолданылуда», - деді Нысанбаев.

Сонымен қатар вице-министр Қазақстанда орман алқаптарын ұлғайтуға мүмкіншілік жасау мақсатында  орман пайдалану және ормандарды молықтыру мәселелерін дамыту, жеке орман өсіру институтын, ағаштұқымдастарын өндірістік және энергетикалық мақсатта плантациялық өсіруді дамыту көзделіп отырғанын баса айтты.