Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі соғыс ардагерлерін құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және еліміздегі Отан қорғаушы күніне орай Өзбекстанда тұрып жатқан соғыс және тыл ардагерлерін құттықтады.

Кеше елшілік дипломаттары Ташкент қаласындағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының жәрдемімен даңқты қазақ майдангерлеріне бағалы естелік сыйлықтар табыс етті. Мерекелік шара аясында Қазақстанның Өзбекстадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Өтембаев Ташкентте тұрып жатқан Ұлы отан соғысының ардагері, қазақ Шырынбек Оразымбетовпен кездесті.

Қазақстан елшісі ақсақалды Жеңіс күнімен құттықтады. «Сізді гитлерлік Германияны жеңген ұлы күнмен құтықтау мүмкіншілігіне ие болғаныма бақыттымын әрі мақтан тұтамын. Сіздер шын мәнінде біздер үшін ең қымбатты жансыздар. Сіздердің ерліктеріңіз бен батырлықтарыз, Отанға деген шексіз махаббаттарыңыз, оның халқына деген адалдықтарыңыз патриотизмнің нағыз үлгісі әрі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің тірегі болып саналады», - деді Е.Өтембаев.

Ташкент қаласының 93 жастағы тұрғыны Шырынбек Оразымбетұлы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы әскери училищесінде оқып жүрген кезінде майданға шақырылған. Балтық жағалауы майданына, блокада қалған Ленинградты қорғауға қатысты. Соғыстан кейін Ташкентке білім алуға барған ол тарихшы мамандығын алып шықты. Тарих ғылымынан кандидаттық қорғап, ұзақ жылдар бойы осы елдің жоғары оқу орнында дәріс берді, ғылыми және қоғамдық қызметтерді де қатар алып жүрді.

Жасының егде тартқанына қарамастан ақсақал соғыс кезіндегі көптеген жайттарды әлі де біледі. Ұрыс кезінде өз полкының жауынгерлік туын қалай алып жүргенін де айтып берді. Ақсақал жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл ту», 1-ші дәрежел «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ардагер Шырынбек Оразымбетұлы Қазақстан елшілігінің қамқорлығына алғысын білдіріп, ҚР Президенті Н.Назарбаевқа зор денсаулық, Қазақстанды дамытуда зор табыстар, бейбітшілік пен келісімді ақтау ісінде мол қажырлы еңбек тіледі.

Айта кетерлігі, бүгін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі Ташкентте аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен бірге Тәуелсіздік алаңындағы мәңгілік алауға, Ташкентте дүниеге келген қазақ генералы, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады.