Қазақстанның өзге елдерге жасаған қайырымдылық көмегінің көлемі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстан өзге елдерге 300 млн. доллардан астам сомаға қайырымдылық көмегін көрсетті. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норисима Шимомура айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің білуімше, соңғы 20 жылдың ішінде өзге елдерге көрсетілген көмек көлемі 300 млн. долларды құрайды. Сонымен қатар Қазақстан ЭЫДҰ стандарттарына сай келетін дамуға ресми көмек жүйесін құру арқылы өз-өзін танытты. Таяуда ғана Жапония, Қазақстан, сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп, гендерлік теңдікті күшейту бойынша Ауғанстанға көмек көрсету бастамасын құрды. Мұндай көмек  денсаулық сақтауда және мемлекеттік қызметте көрсетілетін болады», - деді ол ҚР Парламенті Сенатында БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын таныстырғаннан кейін.

Оның атап өтуінше, Тұрақты даму мақсаттары үш сипаттамасы бойынша Қазақстанда екі негізгі мақсат бар. Оның бірі  - тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, оның ішінде гендерлік теңдік пен экономиканы «жасыл» дамыту саласындағы жұмыстарды күшейту. Екіншіден донорлық дамушы ел ретінде Қазақстаннан қаржылай ресурстар мен тәжірибе алмасу арқылы басқа елдердің Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне жәрдем беруі күтіледі.

Өз кезегінде еліміздің Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев стратегиялық бағдарламалық құжаттардың басым бөлігі тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетіндігін атап өтті. Олардың қатарында  «Ақпараттық Қазақстан», «Нұрлы жол» сынды бағдарламалар бар.