Конференция барысында спикер қазіргі парламенттік қызметтің негізгі бағыттарына да тоқталып, бұның ең алдымен Елбасы айқындаған «Қазақстан - 2050» стратегиясын заң жағынан қамтамасыз етуге бағдарланғанын жеткізді. Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Елбасы бағдары аясында қазірдің өзінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату секілді маңызды құжаттар қабылданғанын, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жұмыстары атқарылып, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құруға заңдық негіздер қаланғанына тоқталды. Бұдан бөлек, заман үдесінен шығатын салықтық және бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізу мәселелері бойынша заңдар да қабылданды.
«Бүгінгі күні Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық- атқарушылық кодекстер, әкімшіліктік құқық бұзушылық туралы кодекс, сондай-ақ, кәсіподақтар туралы, меншіктік құқықты қорғауды күшейту, Сот шешімдерінің жүйесін жетілдіру сынды маңызды заң жобалары жұмысқа алынды. Жалпы алғанда, Парламент өзінің 20 жылдан астам қызметінде 2132 заң қабылдады. Олардың қатарында 3 конституциялық заң, 17 кодекс және 872 халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдар бар. Орта есеппен алғанда, бір шақырылым 500-ге жуық заң қабылдады», - деді спикер Н.Нығматулин.
Сонымен қатар, заң шығарушы билік қызметі жайлы айта келіп, Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына жүктелген қызметтің тиімді атқарылуы үшін қолайлы жағдай жасау жолындағы теңдессіз рөліне баса назар аударды.