Қазақстанның Парламенті саяси ерлік танытты - Н.Ерімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Парламенті саяси ерлік таныта білді, дейді Орталық коммуникациялат қызметінің брифингісіне қатыса отырып, Қазақстанның Азаматтық альянсының директоры Нұрлан Ерімбетов.

«Мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы үндеу жариялай отырып, Қазақстанның Парламенті саяси ерлік танытты. Жəне де, шынымды айтсам, Парламенттің бұл шешімін сыйлаймын. Яғни, менің айтпағым, Парламент қоғамға тағы да таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Егер де Мемлекет басшысы Парламенттің бұл үндеуін қабылдаса, жаңа сайлау барлық партиялар үшін жақсы бір сынақ болар еді»,-дейді Н.Ерімбетов.

Саяси сарапшының айтуынша, кез келген сайлау - қоғамның көңіл-күйін білдіреді. Сондықтан, Нұрлан Ерімбетов парламент сайлауы өтсе, қоғамның нендей көңіл-күйде екенін байқағым келеді дейді.

«Жəне де Парламентке жаңа адамдардың, əсіресе, жастардың келгенін қалаймын. Себебі, қазір əлемді көрген, əлем халықтарының қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын жақсы білетін ұрпақ қалыптасты. Менің жеке басым үшін кез келген сайлау - қоғамның көңіл күйін өлшейтін, қоғамның саяси сауаттылығын көрсетететін термометр»,-деді сөзін түйіндей келе Н.Ерімбетов.