Бұл жайлы бүгін Алматыдағы «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның 2010 жылдың алдын ала қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында сөз болды.
"Қазақстанның сақтандыру нарығында тікелей сақтандыру бойынша сыйақы көлемі биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайыздай өсті. 2011 жылы бұл тренд жалғасады. Ең үлкен сақтандыру сыйақысы ерікті жеке сақтандырудың үлесіне тиеді. Онда өсім 56 пайыздан асып отыр. Бұл сектордағы өсімнің драйвері - ерікті медициналық сақтандыру. Ал міндетті сақтандыру 15 пайызды құрады», - дейді «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Назым Тульчинский.
Оның айтуынша, өсім мүлікті ерікті сақтандыру саласында да байқалып отыр. Онда бұл көрсеткіш 24 пайызды құрады. Бұл жағымды көрініс. Ерікті жеке сақтандыру нарықтың ең маңызды көрсеткіші. Айналым қаржысы шектеулі кәсіпорындар мен жеке тұлғалар үшін сақтандыру алғашқы қажеттіліктердің қатарына енбейді.
«Сақтандыру нарығы 2011 жылы сенімді түрде өседі. Даму қарқыны сақталады. Бұған екінші деңгейлі банктердің нақты кредиттеуінің өсуі өз ықпалын тигізеді. Сондай-ақ «Standart & Poor 's» халықаралық рейтинг агенттігі өткен аптада «Еуразия» сақтандыру компаниясының ұзақмерзімдік кредиттік рейтингілері мен қаржылық тұрақтылығын «ВВ-» тен «ВВ» деңгейге жоғарылатты. Компанияның рейтингі ұлттық баған бойынша да «kzA» дан kzA» деңгейге арттырылды. Бұл Қазақстанның макроэкономикалық тәуекелдіктерінің төмендегенінің айғағы», - дейді Назым Тульчинский.