Қазақстанның сақтандыру секторы әлемдік экономикалық дағдарысты сәтті игеріп отыр - «Еуразия» СК» АҚ

АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Сақтандыру компаниялары нарықтық конъюнктураға тәуелсіз табыс табуда. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан тәуекел менеджменті жөніндегі 8-халықаралық конференцияда сөз болды.

«Республиканың сақтандыру секторындағы басты мәселе - халықтың сақтандыруға жеткілікті деңгейде мән бермеуі болып отыр. Өз үйін өрттен немесе зілзаладан банк тарапынан мәжбүрлеусіз, ерікті сақтандырған адамдар үлесі өте аз. Көптеген посткеңестік елдердегі сияқты Қазақстан халқы да қандай да бір ауқымды табиғи немесе техногендік апат туындаған жағдайда мемлекет қолдауына сенім артуға үйренген», - дейді «Еуразия сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Борис Уманов. Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінде жақсы дамыған бір ғана сақтандыру түрі бар. Бұл - автомобиль иесінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігі. Оны енгізген сәтте көлік иелері мұны қосымша салық ретінде қарастырған болатын. Алайда соңғы жылдары бәріміз жолдағы тәуекелдерді басқарудың бұл тәсілінің жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Борис Георгиьевич: «Кейде «Евразия» сақтандыру компаниясының Таиландтағы, Румыниядағы, АҚШ-тағы, Австралиядағы, Түркиядағы және Оңтүстік Кореядағы апаттық тәуекелдерді басқаруға көмектесетініне, ал отандастарымыздың бұрынғысынша негізінен Төтенше жағдайлар министрлігіне және Үкімет көмегіне сенім артып отырғанына қынжыламын. Ал қырсыққа тап болғанда сақтандыру компаниясына барып, ақша алудың орнына біз телевизияны шақырып, әкімдіктен көмек сұраймыз. Бұл мәселенің жүйелік амалын табу қажеттілігі туралы пікірталас әлсін-әлсін туындап тұрады. Бірақ тез басылады. Алайда, табиғи апаттар мен зілзаланың орын алу ықтималдылығы түгесілмейді, бұл еліміздің жыл сайынғы мемлекеттік бюджетінен көрінуде», - дегенді айтады.

Сақтандыру  компаниясы басшысының сөзіне қарағанда,  табиғи апат келтірген материалдық зиянды өтеу мәселесін бір ғана мемлекет шеше алмайды және шешпеуі тиіс. Сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы қарым-қатынас жүйесі көбіне үкімет көмегін қажет етпейді. Билік қызметі - әділ ойын ережесін жасау, клиент тарапынан алаяқтықтың болмауын және сақтандыру компаниялары тарапынан өз міндеттемелерін нақты орындауды қадағалау. Қазақстанның сақтандыру секторы  табиғи және техногендік апаттардан сақтандыруды сенімді қамтамасыз ете алатынына оның сенімі мол.