Қазақстанның Сауда министрі Қытайға сапарлайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қытайға сапармен барады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2023 жылғы 13-17 тамызда тауар айналымын ұлғайту және Қытай тарапымен сауда-экономика байланыстарын жолға қою мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қытай Халық Республикасының – Шэньчжэнь, Шандун, Бейжің және Үрімші қалаларына жұмыс сапары жоспарлануда», - деді ресми өкіл.

Сапар аясында бірлескен кәсіпорындар құру, ет өнімдерінің экспортын ұлғайту, инвестициялар тарту және көлік-логистика ынтымақтастығы саласында екіжақты келіссөздер жүргізу жоспарлануда.

Сонымен бірге қазақстандық делегация Үрімші қаласында өтетін «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне барады.

Бұған дейін Айбек Смадияров Қытаймен визасыз режим әлі орнамағанын, бұл шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін екенін айтқан еді.