Қазақстанның сенімді өкілі Болгарияның Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы Ц.Симеоновпен кездесті

АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сенімді өкілі Теміртай Ізбастин Софияда Болгарияның Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы Цветан Симеоновпен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады,

деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан дипломаты Палата төрағасын сонымен бірге, Президент Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өркендеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты ел халқына Жолдауының негізгі баптарымен және 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда көрсетілген Қазақстанның даму басымдықтарымен таныстырды.

Кездесу барысында тараптар сондай-ақ, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-болгар үкіметаралық комиссиясының ағымдағы жылы Софияда өтетін мәжілісіне әзірлік мәселелерін талқылады.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша екіжақты сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді және екі елдің іскер топтарының арасындағы байланыстарды кеңейтуге барынша қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.