Қазақстанның шығысында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және батыста шаң көтеріліп, дауыл тұрады

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде ертең, 16 тамыз күні, ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде, республиканың солтүстігі, шығысы және орталығында кей жерлерде тұман түседі, деп хабарлайды Қазгидромет.

Қазақстанның шығысында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және батыста шаң көтеріліп, дауыл тұрады.

Жамбыл облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді, жел екпіні 23-28 м/с болады. Оңтүстік Қазақстан облысында шаң көтеріліп, дауыл тұрады деп күтілуде, жел 15-20 м/с-қа күшейеді, күндіз жел екпіні 25 м/с-қа дейін болады. Күндіз Қызылорда, Атырау облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді, шаң көтеріліп, дауыл тұрады. Түнде және күндіз Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде, күндіз Шығыс Қазақстан облысында жел 15-20 м/с-қа күшейеді.

Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық болады деп күтілуде.

Республиканың оңтүстігінде, орталығының кей жерлерінде және оңтүстік-шығысында төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Жақын тәуліктерде жауын жаууына байланысты Батыс Алтай өзендерінде (Қара Ертіс, Оба және т.б.) әрі қарай су деңгейінің көтерілуі күтілуде, жекелеген өзендерде су жайылуы және су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысының таулы өзендерінде су деңгейінің тұрақсыздығы байқалады. Қостанай облысының Үй өзенінде әрі қарай су деңгейінің көтерілуі мүмкін.