Қазақстанның солтүстігінде ауа температурасы нормадан 3-5 градусқа түсіп, оңтүстікте 5-10 градусқа жоғары болады
14:14, 07 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батысының үстімен тропосферада батыс ауа ағындарының солтүстік ағындарға ауысуы орын алды. Олардың республиканың солтүстік және батыс облыстары арқылы өтуінен ауа температурасы төмендеп, кейбір жерлерде жаңбыр жауды.
«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, тәуліктегі орташа ауа температурасы климаттық нормадан 3-5 градус төмен болды. Демалыс күндері бұл аудандарда осындай температура сақталып, кей жерлерде жаңбыр жауады.
Өткен тәулікте еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында көпжылдық орташа ауа температурасының 5-10 градус жоғары болған аптап ыстық байқалған. Демалыс күндері атмосфералық ағындардың өтуімен бірге мұнда аптап ыстықтың басылуы күтіліп отыр, бірақ жауын-шашынның болуы екіталай, таулы аймақтарда ғана өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдауы ықтимал.