Қазақстанның солтүстігінде бұршақ жаууы мүмкін - 23 мамырға арналған ауа-райы болжамы

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронталдық бөліктердің өтуіне байланысты 23 мамырда ауа райының тұрақсыздығы сақталады. Найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, кей жерлерде жел күшейеді, жекелеген аудандарда шаң көтеріліп, дауыл тұрады, солтүстікте бұршақ жаууы мүмкін.

Бұл туралы Казгидрометке сілтеме жасап ТЖМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Республиканың тек оңтүстік бөлігінде ауа-райы жауын-шашынсыз болады, жекелеген аудандарда тұман түсіп, жел күшейеді деп күтілуде.

Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, түнде Қостанай облысында, күндіз Жамбыл облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жел соғады деп күтілуде, бұршақ жаууы мүмкін. Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде шаң көтеріліп, дауыл тұрады, күндіз жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде.

Маңғыстау облысының кей жерлерінде тұман түсуі ықтимал.

Республиканың батысында, оңтүстігінде кей жерлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Жақын күндері республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өзендерінде су көлемінің ауытқуы күтілуде. Шығыс Қазақстан облысы өзендерінің басым бөлігінде (Қара Ертіс, Бұқтырма, Оба, Үлбі, Тұрғысын және т.б.) жауын-шашын болуына байланысты су деңгейінің көтерілуі жалғасады; жекелеген өзендерде судың тасуы мүмкін. Қазақстанның жазықты аумағының өзендерінде гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер болмайды деп күтілуде.