Қазақстанның су инспекторлары «жасыл» технологиялардың трансферті бойынша білім алуда

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығы Қазақстанның су инспекторларына арнап «жасыл» технологиялардың енгізілуі, олардың трансферті жайында оқыту семинарларын өткізуде.

Семинарға барлық облыстардан ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі Су ресурстары комитеті ведомстволық кәсіпорындарының басшылары қатысуда.

«Шараға жобаның негізгі серіктесі ретінде ҚР-дағы Латвия Елшілігі атсалысуда. Біз тәжірибе алмасу мақсатында су саласында жасыл технологияларды енгізумен айналысатын латвиялық компаниялардың басшыларын және мамандарын шақырдық. Сондай-ақ, семинар барысында су ресурстарын басқару бағдарламасын жасақтаудың негізгі мәселелерін талқылап, су ресурстары саласындағы бағдарламалардың орындалу барысына мониторинг жүргіземіз», - деді «Жасыл академия» орталығының басшысы Бақыт Есекина.

Сонымен қатар семинар аясында ресейлік сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастыру көзделіп отыр. Онда Қазақстанның «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы шеңберінде «жасыл» технологиялардың енгізілуі сөз болмақ.