Осыған орай бүгін елордада алқалы жиын өтіп, онда БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Стивен Тулл шараның Орталық Азиядағы ең тиімді экологиялық әрі гуманитарлық жобалардың біріне айналғандығын атап өтті. Оның жалпы бюджеті 32 млн. долларды құрайды.
«2004 жылдан бастап Қазақстанның сулы-батпақты жерлерін сақтау проблемалары халықаралық мәртебе алған болатын. Осы уақыт аралығында Теңіз-Қорғалжын, Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйелерінде және Жайық өзенінің атырабында орналасқан ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Алакөл және Сасықкөл қорықтарының аумақтары кеңейтілді. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, ауылдарда баламалы қызмет енгізу негіздері жасалып, үш жобалық аумақ мектептеріне экологиялық білім беру бағдарламалары енгізілді», - деді ол.
Фермерлік шаруашылықтарда орнықты ауыл шаруашылығы әдістерін енгізу мақсатында электрмен қамтамасыз етуге арналған күн батареялары орнатылып, мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базалары құрылды.
Жобаның ықпал етуі арқасында қазіргі уақытта Қазақстанның жалпы алаңы 1 626 768 гектар болатын жеті нысанына сулы-батпақты жер мәртебесі берілді.