Кездесу барысында Қазақстан министрі Бельгия премьеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Королі Альберт Екіншіні 21 шілде күні тойланатын елдің бас ұлттық мерекесі - Бельгия күнімен құттықтауын табыс етті. Сондай-ақ ол хатта құттықтаумен қоса, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың қазақстандық бағыт-бағдарлары баян етілген.
Жүздесуде Бельгия премьері қазақстан-бельгия қарым-қатынасының қарқынды жүріп жатқанын айта келіп, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр Бельгия Корольдігіне жасаған сапары мен И.Летермнің былтыр желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне қатысуы үлкен қолдау болғанын атап көрсетті.
Сондай-ақ тараптар атом энергетикасы мәселесін де талқылады, Бельгияның Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға деген мүддесін ескере отырып, әсіресе осы салада серіктестікті дамытудың нақты мүмкіндіктері бар. Әңгіме барысында сонымен қатар ядролық қару-жарақты таратпау саласындағы қазақстандық бастамалар да сөз болды. Атап айтқанда, Е. Қазыханов И.Летерм мырзаны өз аумағында МАГАТЭ-нің қамқорлығымен аз байытылған ядролық отынның банкін орналастыру туралы Қазақстанның ұсынысынан хабардар етті. Сонымен қатар Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығын талқылады.
Біздің еліміздің Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалығы бойынша да мазмұнды әңгіме болды. Е.Қазыханов, Қазақстанның ислам әлемі мен Батыстың арасындағы «көпірдің» рөлін атқаруға мүдделі екенін, ол үшін біздің еліміздің әмбебап әлеуеті бар екенін жеткізді. Сонымен бірге, осынау төрағалықтың аясында Қазақстанның аз дін өкілдерінің құқықтарын қорғаумен айналысатынын айтты.
Тараптар көміртегі энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты да сөз етті. Қазақстанның Сыртқы істер министрі, біздің еліміздің Еуропаға сенімді энергоресурс жеткізуші болып қала беретінін айтты. Және, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға кіретін 34 елдің азаматтары үшін визалық талаптарды алып тастауды жоспарлап отырғанын, республика үкіметі қазіргі таңда осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап көрсетті.