Қазақстанның сыртқы саясатындағы табыстары ең алдымен Елбасы қайраткерлігінің нақты көрінісі - Қ. Тоқаев

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның сыртқы саясатындағы табыстары ең алдымен Елбасы қайраткерлігінің нақты көрінісі.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық рефрендум тағайындауы туралы» Парламент депутаттарының ұсынысын талқылау барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

Өз сөзінде Сенат спикері Елбасы қайраткерлігінің арқасында қазақ мемлекеттілігінің тарихында тұңғыш рет шекарасы заңды түрде бекітілгенін, тәуелсіз мемлекеттің беделді халықаралық ұйымдарға, оның ішінде БҰҰ-ға мүше болғанын атап өтті. «Бүгінде қазақстандықтарды әлем танып, құрметтейді, пікірімізбен санасады. Дүниежүзілік қоғамдастыққа Қазақстан жауапкершілігі зор мемлекет ретінде белгілі. Өзекті халықаралық проблемалар бойынша мейлі қарусыздану болсын, қауіпсіздік немесе интеграция мәселелері болсын беделіміз биік»,- деген палата төрағасы өткен жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болғанын да атап өтті.

«11 жылдық үзілістен кейін Ұйым саммитінің Астанада өткізілуі осы миссияның табысты жүзе асқанын дәлелдей түседі. Астана декларациясының қабылдануында Президент Н. Назарбаев шешуші рөл атқарды және бұл оның әлемдегі жоғары беделінің көрсеткіші екені даусыз»,-деді спикер.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Елбасы қайраткерлігіне тоқтала отырып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналған жаңа Астананың бой көтеруін де ерекше атап өтті. «Бұл тарихи оқиға мәні жағынан ұлттық идеяға астасып жатыр. Астана - саяси-экономикалық және діни маңызы зор халықаралық форумдар өткізілетін ірі қалаға айналды. Астана - Президентіміздің жасаған ерен ерлігі»,-деді Қ. Тоқаев.