Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Киото хаттамасын Қазақстанда жүзеге асыру механизмдері» тақырыбында өткен конференция барысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
Министрдің айтуынша, квоталау мен саудалау жүйесін енгізу 2013 жылы қолға алынып, бұл ілкі жыл ретінде белгіленеді. «Соған орай, осы жылы табиғатты пайдаланушылар үшін айыппұл санкцияларын бір жылға кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылады. Бұл квота алуда оңайлатылған механизмді де қамтиды. Бұдан бөлек, осы пилоттық жылы қауымдастықтармен бірлесе отырып, қабылданған нормативтік базаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде», - деді Нұрлан Қаппаров. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл шара бір жыл бойы тұрақты негізге жүзеге асады.
«Сонымен қатар, жақын аралықта біз бірқатар ережелерді, оның ішінде квоталарды бөлу, беру секілді мәселелерді қайта қарауға бастама жасауға бекініп отырмыз. Сондай-ақ, Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу мәселесі де көзделеді», - деді министр. Осыған орай, қоршаған ортаны қорғау ведомствосының басшысы 2013 жыл бойынша квоталарды бөлудің ұлттық жоспары жасалғанын атап өтті. Бұл ретте 2010 жылғы шығарындылар мөлшері бойынша 100 пайыздық деңгейдегі кәсіпорындар тегін квоталарды иеленетін болады.
«Ал табиғатты пайдаланушылардың арасында пайда болған тапшылық нарыққа қатысушы басқа ойыншының сатып алуларымен жабылып отыратын болады. Бұдан бөлек, өндірісті кеңейтіп, жаңа қондырғылар енгузі қарастырылған жағдайда мемлекеттік резервтен де тегін квоталар бөлу қарастырылады», - дейді Н. Қаппаров.