Қазақстанның табиғи көрікті жерлерінің ішінде Бурабайдың орны ерекше - өңірлік баспасөзге шолу

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде шілде айының екінші жартысында жарияланған өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Шілде айының 16 күні шыққан саны «Елбасы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинді қабылдады» атты мақаламен басталады. Мақалада мәтінінде: «Нұрсұлтан Назарбаев өндіріс көлемін ұлғайту жəне жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында шағын жəне орта бизнесті қолдау жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан Президенті жылу беру маусымына уақытылы əрі сапалы дайындалудың маңыздылығын да атап өтті. Ақмола облысының əкімі биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша нақты сектор салаларында өсім көрсеткіші қамтамасыз етілгенін айтты. Айталық, өнеркəсіп саласында өндірістің нақты көлем индексі  106,5 пайызға жетіп, республика бойынша көшбасшы көрсеткішке айналды. Сергей Кулагиннің айтуынша, Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған 62 жоба 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Жыл аяғына дейін тағы 20 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Ауыл шаруашылығында мал басы мен құстың өсімі қамтамасыз етіліп, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі ұлғайды. Өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 4,2 миллион гектар болса, соның 3,8 миллион гектарына астық егілген. Қазақстан Президентіне Астананың айналасында  «азық-түлік белдеуін» дамыту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен іске қосу жоспарланып отырған бірқатар жаңа жобалар туралы да баяндалды. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді...», деп жазылған.

Осы күнгі газет саны өңірдегі өнеркәсіп саласының жай-жапсары талқыланған форум жұмысына да арналды. «ӨНЕРКӘСІП ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ» атты мақалада «...Көкшетау қаласындағы «Достар» мəдениет сарайында облыс əкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен «Ақмола облысының өнеркəсіптік əлеуеті» кеңес-форумы өткізілді. Форум жұмысына облыс əкімінің орынбасарлары, орталық, облыстық мемлекеттік органдардың, Ұлттық компаниялар мен холдингтердің, даму институттарының басшылары мен өкілдері, өнеркəсіп кəсіпорындарының басшылары мен құрылтайшылары, инвестициялық жобалардың бастамашылары, əлеуетті инвесторлар, бизнес-элитаның өкілдері мен саясаткерлер, қала, аудан əкімдері мен орынбасарлары, кəсіпкерлік бөлімдерінің басшылары, республикалық жəне облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өңір басшысы облыстағы өнеркəсіптің əлеуеті жөнінде баяндама жасап, қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Бұдан соң индустриалдық жəне аграрлық секторлар бойынша кəсіпорын басшылары мен құрылтайшылары сөз сөйлеп, өздерінің жұмыстары жəне өзекті мəселелері жөнінде айтып берді. Мəселен, өнеркəсіп басшылары Степногорск ЖЭОда өндірілетін электр қуаты құнының қымбаттығы туралы мəселе көтерді. Облыс басшысы бұл мəселенің жуық арада оң шешімін табатынын айтып, өзге де сауалдарға тұшымды жауап берді.  Форум соңында облыс əкімі кəсіпкерлермен бірнеше меморандумға қол қойды.

Облыс əкімі Сергей Кулагиннің форумда жасаған баяндамасы

Индустрияландыру мен экономикалық өсім Қазақстан Республикасы Президенті бағдарламасының  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бөлімшелерінің бірі. Индустрияландырудың қазіргі заманғы тетіктерін пайдаланбай бəсекеге қабілетті экономика мен əлеуметтік мемлекет құру мүмкін емес. Осыған байланысты өнеркəсіптік əлеуетті пайдалану, өңіраралық кооперация, жергілікті сервистік кəсіпорындарды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті, индустриалдық қызметтің əлеуметтік аспектілерін дамыту тəрізді маңызды мəселелер талқылауға ұсынылады. Мемлекет басшысы белгілеген институционалдық реформаның негізгі бағыттарын орындау барысында Ақмола өңірінде өнеркəсіптің басымдық берілген секторында стратегиялық инвесторлар тарту, экспорттық əлеуетті ұлғайту, жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Облыс подшипниктердің 100 пайызын, 45 пайыз алкогольдік жəне 25 пайыз алкогольсіз сусындар, автокөліктердің 40 пайызын, жоғары сапалы бидайдың 30 пайызын, алтынның 30 пайызын, керамикалық кірпіштің 30 пайызын, ұнның 25 пайызын, еттің 20 пайызын, жұмыртқаның 20 пайызын, сүттің 15 пайызын өндіреді. Біз Астана қаласының құрылыстарын инерттік материалдармен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Өңдеуші сала облыстың өнеркəсібінің 70 пайызға жуығын қамтиды. Оның негізін металлургия (17,5 пайыз), азық-түлік тағамдар өндірісі (17,5 пайыз) жəне машина жасау (10 пайыз) құрайды. Құрылыс индустриясы мен химиялық сала қарқынды дамуда. Облыстың өнеркəсіп кəсіпорындары керамикалық кірпіш, алтын (Доре балқымасы), өңделген уран, мыс концентраты, пластикалық құбырлар, өсімдікті қорғау препараттары, жүк автокөлігі, астық жинайтын комбайндар, коммуналдық техника, қондырғылар, подшипниктер, кірпіштер, полипропилен мен полиэтиленнен жасалған орағыштар жəне өзге де тауарлар өндіреді. Өңірде көмір, темір жəне уран кені тəрізді пайдалы қазбалар бар. Елбасы 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың ны базалық ең үлкен саланың бірі деп атап өткен болатын. Бұл бағытта Ақмола облысында Ресей, Украина, Беларусь жəне Орта Азия елдеріне тасымалдау үшін құрамында күрделі глифосаты бар гербицидтер шығарып, «Астана Нан Кемикалз» серіктестігінің базасында агрохимиялық кластер құру жоспарлануда. Ұлт Көшбасшысының индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста экспортқа бағытталған 17 жоба жүзеге асырылды. Облыстың экспорттық өнімдерінің негізін бидай, ұн, алтын, уран, подшипниктер, авиациялық өнімдер, керамикалық кірпіш, алкогольсіз сусындар, полиэтилендік қаптар, сүт өнімдері, ет өнімдері, өсімдік майы, мал азығы құрайды. Сыртқы сауданың негізгі көлемі Ресейге, Орта Азия елдеріне, Қытай, Түркия, Иран жəне Еуропа елдеріне тиесілі. Елбасының ет өнімдерін экспорттау жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. 2014 жылдан бері «Бакара» қазақстандық брендімен ет өнімдері «Астана-Агропродукт» кəсіпорнынан Мəскеу қаласының супермаркеттеріне тасымалдануда. «Казбиф» серіктестігінің ірі қара еті Санкт-Петербург қаласына, Ленинград, Свердлов, Челябинск облыстарына, Краснодар өлкесі мен өзге өңірлерге экспортталады. Бұл қандай да бір кіші көлемде немесе бір рет тасымалдау емес, жүйелі негізде экспортталатын үлкен көлемдегі ет өнімдері. Сондайақ, бірқатар тауарлар Қытайға тасымалдана бастады. Ақмола облысындағы өңдеуші зауыттарының сүт өнімдері «Садовое»,  «Одари», «Зорькин Луг» сауда брендімен Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінде сатылады. «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы 15 жылдан бері Ресей Федерациясына «Тұран» брендімен минералды су мен алкогольсіз сусындар экспорттайды. «ҚазгерҚұс» компаниясы өнімдерінің екінші кезеңі енгізілгенде Орталық Азия жəне Таяу Шығысқа (Тəжікстан, Түркіменстан, Пəкістан) жұмыртқа тасымалданады. Өзге де бірқатар озық мысалдар бар. Жұмыс істеп тұрған кəсіпорындардың жүктемесін азайтпауға жете көңіл бөлінуде, соның арқасында жоғары өндірістік көрсеткішті сақтап, өңірлердегі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр. Осылайша біздің жұмысты оңтайлы жүргізуіміздің нəтижесінде 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында өндірісте жоғары көрсеткіш пен қайтарым сақталды. Өнеркəсіп өнімдерінің көлем индексі 106,5, оның ішінде өңдеуші саладағы көлем индексі 105,5 пайызды құрады. Осы көрсеткіш бойынша облысымыз республиканың барлық аймағында өткен жыл мен биылғы жылдың алғашқы жартысында көшбасшы болып отырғанын атап өткен артық болмас. Өнеркəсіп өнімдерін өндіру бағытында өсімге мүмкіндік беретін резерв барлық салада бар. Құрылыс индустриясы саласында жылына 2 миллион тонна цемент шығаратын «Көкше-Цемент» ЖШС-нің құрылысы аяқталуға жақын. Ол биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек. Химиялық индустрияда да резервтер бар. Ол өсімдіктерді қорғауға арналған «Астана Нан Кемикалз» ЖШС жəне жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «Қазатомпромның» күкірт қышқыл зауыты. Металлургия саласында «Қазақалтын» тау-кен комбинаты» АҚ-ның алтын өңдейтін үш фабрикасын салу, Масаль темір кенін өндіру, Қызылту кенішінен мыс-молибден өндірісін жолға қою жобаларын жүзеге асыру қолға алынуда. Облысымызда отандық «Вектор» комбайнын құрастыру жолға қойылған жəне ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызмет техникаларын шығаратын қазақстандықбелорустік бірлескен жобасын жүзеге асыру да көп ұзамай қолға алынатын болады. Биылғы жылдың маусымында «Астана Ойл» мұнай үйі» ЖШС-нің жылына 150 мың тонна мұнай өнімдерін өңдейтін шағын зауытын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылды. «Еуропа подшипник корпорациясы» ААҚмен бірлесе жұмыс істеудің нəтижесінде бүгінгі күні Степногорск подшипник зауыты подшипниктің 162 түрін шығаруды жолға қойды, оның 84-і жаңа мəскеулік өнім, биылғы жылдың соңына дейін тағы да  49 өнім түрін шығаруды игеру жоспарлануда. 2016 жылы подшипникпен қамтамасыз етуге арналған 10 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды.

Степногорск қаласында «ЕПК Степногорск» АҚ-ның алаңында индустриалдық подшипник өндірісін ұйымдастыру жобасы жүзеге асырыла басталды. Бүгінгі күні осы жобаға қатысты барлық кедергі келтірген мəселелер шешімін тауып, американдық «TIMKEN» компаниясымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жобаны іске қосу 2018 жылға жоспарланған, бұл жоба жылына диаметрі 200-800 миллиметрлік 150 мың подшипникті шығаруға мүмкіндік бермек. Облыстың агроөнеркəсіп кешені орасан зор мүмкіндікке ие. Таяу болашақта бұл салада жүзеге асырылатын жобалардың қатарында мыналар бар: - Макинск қаласында экспортқа ірі көлемде ет шығаруға мүмкіндік беретін 60 мың тонна өнім шығаратын жоғары технологиялық құс фабрикасын салу жұмыстары басталды; - Астрахан ауданында «Bavaria Product» ЖШС ет өнімдерін шығаратын қазіргі заманғы мал өнімдері кешені; - облысымыздағы сүт өнімдерінің 30 пайызын өндіретін «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің 1000 басқа арналған қазіргі заманғы жоғары технологиялы тауарлы-сүт фермасы. Əрине, үлкен өндірісте резервтер де, басшылық тарапынан шешуді қажет ететін жұмысқа қатысты кейбір олқылықтар да бол май тұрмайды.  Мемлекеттік-индустриалдық бағдарлама бойынша іске қосылған маңдайалды кəсіпорындарымыздың бірі кірпіш өндіретін  «ENKI» ЖШС бұрын игерген қазақстандық жəне ресейлік рыноктағы үлесінен ақырындап айырылуда. Кəсіпорын қазіргі заманғы ең соңғы озық технологиямен жарақталған. Осыған қарағанда, зауыт басшылығы өздерінің өндірістік мүмкіндіктеріне сай жұмыс істеуге онша құлықты болмай отырған сияқты. Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ-да да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.  Жалпы алғанда, облысымызда Мемлекеттік индустриалдықинновациялық бағдарламаны жүзеге асыру табысты жүргізілуде деп айтуға болады. Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы бойынша Индустрияландыру картасына 671,9 миллиард теңгенің 107 жобасы енгізілген. Осы жобаларды іске қосу  13,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Салалық резервте 78 жоба бар, яғни, барлық жобалардың  75 пайызы өнеркəсіп саласына тиесілі. Осыдан көріп отырғанымыздай, облысымыз аграрлы аймақтан, өнеркəсіптіаграрлы аймаққа айналып келеді.  Бүгінгі күні 168 миллиард теңгенің  62 жобасы жүзеге асырылды, соның нəтижесінде  6,3 мың жұмыс орны ашылды.  Бұл бағыттағы табысты жұмыстың айқын көрсеткіші жоспарлы қуаттылықты игеруде болып отыр. Биылғы жылдың 1 шілдесінде іске қосылған 62 жобаның 38-і  90 пайыздық қуаттылықта, 18-і  50-90 пайыздық қуаттылықта, 3 жоба 50 пайызға дейінгі қуаттылықта жұмыс істеуде. Кəсіпорындардың жоспарлы қуаттылығын игеру жоспар кестесі мен желілі кестеге сай жүргізілуде.  2016 жылдың басынан бастап өнеркəсіп орындары өндірген өнімнің 36 пайызы Индустрияландыру картасына енгізілген кəсіпорындардың еншісіне тиеді. Олардың өңдеу өнеркəсібі саласындағы үлесі 49 пайызды құрап отыр. 2015 жылы Индустрияландыру картасына қатысушы кəсіпорындардан мемлекеттік бюджетке 17 миллиард теңге аударылды. Бұл жалпы салық түсімінің 20 пайызы. Сондай-ақ, осы жылы жалпы көлемі 16,9 миллиард теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2016-2017 жылдары Индустрияландыру картасынан тыс жалпы құны 246,8 миллиард теңгені құрайтын 123 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 2,6 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Осы орайда, баламалы энергетика жобаларына толымды инвестиция тартылатындығын айта кетуге болады. (Атбасар ауданындағы жалпы құны 41,7 миллиард теңгені құрайтын «Asian Green Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр станциясының құрылысы, Аршалы ауданындағы «Цатэк Green Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалпы құны 99,9 миллиард теңгені құрайтын, қуаты 100  МВт жел паркінің құрылысы, Целиноград ауданындағы құны 55,8 миллиард теңгелік «KB Enterprises» ЖШС-нің қуаты 100 МВт күн электро станциясының құрылысы). Олардың ішінде 2016 жылы жалпы құны 24,3 миллиард теңге болатын 74 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1,5 мың  жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі күні 24 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың жалпы құны 4,6 миллиард теңге. Жаңадан 478 жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сəйкес мерзімімен салыстырғанда 8 жобаға артық.   2016 жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін негізгі қорға құйылған инвестиция көлемі 75,8 миллиард теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 107 пайызды құрап отыр. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру барысында экономика саласында жұмыс істейтін жоғары білікті мамандар даярлау жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы кəсіби білім беру мəселесімен 38 колледж айналысуда. Оларда 21 мыңнан астам білім алушылар 94 мамандық жəне 139 біліктілік бойынша дайындалуда. Кадр даярлау ісінде техникалық жəне ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Мамандар даярлаудағы маңызды мəселе индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде дуальді білім беру. Сапалы білім берудің осы бір тиімді формасы арқылы экономиканың жеті саласы бойынша (металлургия жəне машина құрылысы, сервистік қызмет, көлік, құрылыс, тау-кен өнеркəсібі, ауыл шаруашылығы, медицина) 15 мамандық жəне 17 біліктілік орайында кадрлар дайындауда. Көкшетау қаласындағы жоғары колледж бен Степногорск қаласындағы тау-кен техникалық колледжінде жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, болашақтың білікті мамандарын даярлауда. Облыстың экономика саласындағы басымдық берілген бағыттарының бірі демалыс жəне туризм индустриясы. Туристік кластерге 810 кəсіпорын кіреді. Оның 319-ы санаторий-курорттық жəне қонақ үй ұжымдары, 420 нысан жол бойындағы қызмет көрсету сервисі болса, 68-і туристік қызметпен айналысуға құқық беретін лицензиясы бар туристік фирмалар. Тұтастай алғанда бұл бағытта төрт мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Туристік бизнес саласының нысандары 2015 жылы 4,3 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Бұл 2014 жылғы сəйкес мерзімдегі көрсеткіштен 7 пайызға артық. Туристік бизнес қызметінен мемлекеттік бюджетке 1,45 миллиард теңге қаржы құйылды. Бұл көлем 2014 жылғы сəйкес мерзіммен салыстырғанда 19 пайызға көп. 2015 жылы туристік инфрақұрылымға 14 жаңа нысан қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытып, əлемдік деңгейге теңестіретін жағдайды туғызу үшін инвестиция тарту жүзеге асырылуда.  2016-2020 жылдар аралығында туризм саласында жалпы құны 40 миллиардты құрайтын инвестиция тартылып, 25 жобаны жүзеге асыру межеленіп отыр. Осы шаралардың нəтижесінде 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.      Бүгінгі кеңес-форум нəтижесінде жалпы құны 3,7 миллиард АҚШ долларын (1,2 триллион теңге) құрайтын жаңа да болашағы зор инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін 10 меморандумға қол қойылады.

Кəсіпорын басшылары мен құрылтайшыларының сөйлеген сөздері.

Владимир ДЖУМАНБАЕВ, «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерні» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы:

- «Қазақалтын» концерні 1932 жылы құрылған. 1980-1990 жылдары республикамыздың 8 облысындағы 32 кен орнында жұмыс істесе, бүгінде  концернге Ақсу, Бестөбе жəне Жолымбет сынды үш ірі кеніш кіреді. Соңғы екі жыл ішінде кəсіпорынға ел нарығындағы өндірілген алтын қорының 7 пайызы тиесілі. Қазіргі күні аталған кеніштерде техногендіминералды түзілімдерді қайта өңдеу мəселесі туындап отыр. Нəтижесінде тау-кен байыту кеніштерін салу жұмысы көзделген. Алдағы уақытта жылына қуаты 2,2  миллион тоннаны құрайтын үш фабриканың құрылысы жүргізілмек. Бұл ірі фабрикалар 2017 жылдың қазанында іске қосылады деп күтілуде. Осылайша  кəсіпорындарда қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін құрылғылар орнатылып, жалпы алғанда 360 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен бірге, концерн тарапынан Заводской-Бестөбе жолының жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленсе, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде облыс əкімдігі қол ұшын береді деген үміттеміз.

Анатолий ТОМИЛОВ, «Еуразия подшипник компаниясы - Степногорск» акционерлік қоғамының бас директоры:

- Кəсіпорын елімізде теміржол мойынтіректерін шығарумен айналысады. Оның тоқсан пайызы Ресей нарығына жөнелтіліп отырған еді. Алайда, 2014-2015 жылдар серіктестік үшін ауыр кезең болды. Мұнда ресейлік вагон жасайтын зауыттар тапсырыс көлемін төмендеткені кəсіпорынның жұмысына кері əсерін тигізді. Тығырықтан шығу үшін концерннің директорларымен кездесу ұйымдастырылып, серіктестік екі бағытта жұмыс істейтін болады деген шешім қабылданған еді. Тауар көлемін көбейту үшін жаңа құрылғылар орнатылып, кəсіпорынның қуаттылығын арттыру мəселесі негізінде кешенді шаралар қолданылды. Мəселен, зауыттағы барлық үдерістерді жіті бақылау мақсатында IRIS теміржол стандартын енгізу үшін бірқатар жұмыстар қолға алынды.  Ағымдағы жылдың жартыжылдығында 5 миллиардтан астам тауар өндіріліп, 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірсыдырғы жақсы нəтижеге қол жеткіздік. Таяу келешекте жеткен жетістіктерімізді еселей түспек ойымыз бар. Айтар болсақ, мəскеу подшипниктерінің 49 түрін енгізу жоспарланған.

Нұрлыбек МАЛЕЛОВ, «Казагро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы:

- Агроөнеркəсіптік кешенді қаржыландырудағы холдингтің мақсаты индустриалдық дамуды ынталандыру, саланың тиімділігін арттыру жəне отандық өнімдердің толық циклын құру. Холдинг кіріс түсірумен айналыспайды. Доллар бағамы қымбаттаса да теңгемен жұмыс істейді. Қаржыландыру «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Шағын жəне орта бизнес үшін ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға лизинг, егіншілік пен мал шаруашылықтарына несие береміз. Несиелеу бағдарламасымен Ақмола облысының барлық аудандары қамтылған. Өткен жылы 3 мыңнан астам адам несие алды. Жыл басынан бері 5 миллиард теңгенің 121 егіс кешені сатып алынды. Өңірдегі 81 жобаның 73-і жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Сондайақ, өзге де инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен, бұл салада мал шаруашылығын дамытуға қатысты мəселелер туындайды. Кейбір шаруашылықтардың жері бар да малы жоқ, малы барлардың жері жоқ.

Войгт ХЕНРИК, «Bavaria Product» АӨҚ» жауапкершілігі шектеулі cеріктестігінің құрылтайшысы:

- Мал шаруашылығы кешенінің құрылысын жүргізудеміз. Бұған 2500 басқа арналған шошқа кешені мен 5,5 мың тонна ет өндіретін комбинат кіреді. Ақмола облысының аумағында ДАТ компаниясы жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Біздің компания Қазақстан рыногына инвестиция арқылы кіруге қызығушылық танытып отыр. Компания монтаж жұмыстарын жүргізіп, қондырғыларды іске қосады. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал тасымалдауға жəне еңбеккерлерді оқытуға белсене араласады. «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында салынып жатқан кешенге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының министрлігі оң бағасын берді. Біз ет бағытында жұмыс істейтін боламыз. Өйткені, шекаралас орналасқан Ресей мен Қытайда тұтынушылар көп. Ең бастысы өндірілген өнімнің сапасы. Сондықтан, біз əр уақытта бірінші кезекте өнімнің сапасына жіті көңіл бөлеміз.  Сөзімнің соңында бизнесті дамытуға мүмкіндік берген, қолайлы жағдай туғызған  облыс əкіміне алғысымды айтқым келеді.

Ботельо МАУРИЛИО, «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

- Серіктестік темір рудасын қайта өңдеумен айналысады. Оның иелігіне республика аумағындағы 4 кен орны жатады. Ақмола облысында бұл  Степногорск қаласының маңында орналасқан  Атансор кен орны. Айта кетерлігі,  кеніштерде жылына жүздеген тонна кен өндіріледі. Атансор кен орны жөнінде əңгіме қозғайтын болсақ, мұнда темір рудасы құрғақ үдеріс арқылы өңделеді.  Ағымдағы жылы 420 мың тауар өндіруді жоспарлап отырмыз. Кəсіпорын 90 мердігермен жұмыс істейді. Жұмысшылар саны 300 адамнан асады. Соңғы жылдары  таукен ісінде жағдайдың аса қиын болғанына қарамастан межеленген міндеттердің бəрі тиісінше орындалуда. Жұмысшылар санын қысқартуға жол берілмей, кен өндіру үдерісі  сол қалпында қалды. Осы беттен таймау үшін кəсіпорынның қуаттылығын арттыру мəселесі қолға алынуда. Яғни, қарастырылған қаражатқа қазіргі заманғы құрал-жабдықтарды сатып алып, жақсы көрсеткіштерге жетуге мүдделіміз. Сондайақ,  кəсіпкерліктің əлеуметтік жауапкершілігі де басты назарда. Бұл дегеніміз жол жөндеуге қажетті материалдар мен қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалау жұмысын толық мойнымызға алып отырмыз.

Мұрат МОЛТҰСЫНОВ,  «Көкше-Цемент»  ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі:

- Жылына 2 миллион тонна цемент өндіретін «КөкшеЦемент» зауыты құрғақ əдіспен сапалы өнім шығаруды көздеп отыр. Мұнда құрылыс саласында қолданылатын 20-ға жуық цемент түрі бар. Зауыттағы құрылғылар Дания мемлекетінен жеткізілді. Сəйкесінше, шетелден жұмыс күші тартылып,  11 білікті маман еңбек етуде. Алғашқыда цемент зауыты құрылысының құны 59 миллиард теңгені құрады. Ал, доллар бағамының күрт өсуіне байланысты жобаға қосымша 4,1 миллиард теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта  нысан құрылысы 95  пайыз дайын. Кəсіпорынның тиімділігін арттыру мақсатында 50 жұмысшы Қытайдағы цемент зауытында оқытылғанын екпін түсіре айтып өткеніміз абзал. Жалпы  алғанда,  серіктестікте 469 адам еңбек етеді. Оның сексен пайыздан астамы облыс тұрғындары болып табылады. Жергілікті тұрғындардың əлеуметтік жағдайын жақсарту жолында бірқатар шаралар жүзеге асып келеді. Мəселен, оқушылар мен ардагерлерді қаржылай қолдау жəне ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жақсы жолға қойылған.

Иван САУЭР, «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің директоры:

- Өткен жылы 7615 тонна сүт өндірдік. Биыл 1 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізудеміз. Келесі жылы 10 мың тонна, 2018 жылы 15 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отырмыз. Құрылыс жүргізуге 1 миллиард теңге несие алғанбыз. Оның 250 миллион теңгесін үнемдеп, қажетті қондырғылар мен Германиядан асыл тұқымды бұзау сатып алдық. Қолдағы сиырлар төлдеді. Сондықтан, бұзау қораларының құрылысын қолға алдық. Мал шаруашылығының дамуының арқасында қосымша жұмыс орындары ашылды. Еңбеккерлеріміз үшін тұрғын үй қажет. О с ы о р а й д а , кот тедж үлгісіндегі 20 үйдің құрылысын жүргізудеміз. Сүт зауытының қажеттілігі артты. Сүт өнімдерінің сапасы мен түрлерінің артуына жіті назар аударамыз. Сондықтан, жергілікті тұрғындардан сүт сатып алмаймыз. Егіншіліктегі сияқты мал шаруашылығында да тəуекелділік бар. Алдағы уақытта да шаруашылықты тиімді жүргізу үдерістеріне баса көңіл бөліп, жаңа технологиялар мен озық жұмыс əдістері арқылы ілгерілеу жолынан табыла береміз.

Юлия ГАГАРКИНА, «Авиценна» емханасының құрылтайшысы:

Біздің жоба денсаулық сақтау саласына кіреді. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасап жатырмыз. Оны тамыз айында аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өтеміз. Өзге өңірлерден білікті дəрігерлерді тарту үшін емханаға қазіргі заманғы қондырғыларды орнаттық. Астаналық дəрігерлермен келісім-шартқа отырдық. Қазір екі дəрігер шетелде біліктіліктерін жетілдіруде. Облыстың білікті неврологі АҚШ-та қазіргі заманғы аппаратпен жұмыс істеуге үйренуде. Дəрігерлеріміздің жақсы жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Тренингтерді жиі өткізіп, мамандардың біліктілігін арттырамыз. Инвестиция тарту арқылы алты қабатты емхананың құрылысын жүргізуді жоспарладық. Мұнда əйелдер мен балалар емханасын көшіреміз. Балалар емханасында қазіргі заманғы қондырғылар орнатылады. Бүгінгі таңда бұл емхана «Жедел жəрдем» ғимаратында орналасқан. Кейін «Жедел жəрдем» мекемесін өзімізге көшіріп, ескі ғимаратта медициналық колледж ашуды межелеп отырмыз. Сөйтіп, инвесторлардың арқасында Щучинск қаласындағы медицинаны жоғары деңгейде көргіміз келеді.

Ерлан ОСПАНОВ, «Верный Инвестментс Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры:

- Ақмола облысында серіктестік белсенді жұмыс атқарып келе жатыр деп толық сеніммен айта аламын. 2014 жылы өндірілген алтынның көлемі 500 келі болса, өткен жылы аталмыш көрсеткіш бір тоннаны құрады. Бұл кəсіпорындағы барлық құрылғыларды ауыстыру нəтижесінде мүмкін болды. Сонымен бірге,  539  жұмысшының əлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірқатар мəселелер қарастырылған. Айтар болсақ, оларға арнайы демалатын, тамақтанатын орындар салынды. Сонымен бірге, жуық арада Успеноюрьевка округіндегі екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Алдағы уақытта инвестиция салу арқылы алтын қорын ұлғайту көзделіп отыр. Нəтижесінде жаңа  жұмыс орындары құрылып, бұл елді мекеннің  əлеуметтікэкономикалық дамуына түрткі болмақ.

Борис ЦОКТОЕВ, «Astana Nan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры:

- Гербицид - егін шаруашылығын зиянкестерден қорғауда үлкен рөл атқарады. Сол себепті, серіктестік жылына 42 мың тонна өнім өндіріп, біздің облысымыздың диқандарын ғана емес, барлық солтүстік облыстардың шаруашылықтарын калий тұзды глифосат жəне глифосаты бар гербицидпен  қамтамасыз етуде. Өндірілетін гербицидтің 50 түрі шығарылады. Бүгінде 250 адам жұмыс істейтін кəсіпорынның қуаттылығын арттыру нəтижесінде қосымша жүз жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, серіктестіктің ғылыми бағытта дамуына баса назар аударылуда. Өнімнің сапасын тексеретін лаборатория жұмысын жетілдіру үстіндеміз. Яғни, мамандардың біліктіліктерін арттырып, өзге елдердегі əріптестерімен тəжірибе алмасуға жағдай жасалып отыр. Осының нəтижесінде шетелге шығарылатын эскпорт көлемі артады деп күтілуде.

Серік ТОЛЫҚПАЕВ, «Айтас Групп» холдингі компаниясын құрайтын топтың құрылтайшысы:

- Біз Бұланды ауданында бройлер құс фабрикасының құрылысын жүргізудеміз. Нысан пайдалануға берілгенде жылына 60 мың тонна өнім өндірілетін болады. Бұл жобаға 40 миллиард теңге инвестиция тартылады. Нысан жұмысының бірінші кезеңін 2018 жылы, екінші кезеңін 2020 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Инвесторлар халықаралық қаржы ұйымдары.  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Биылғы жылы 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінді. Былтыр біз 1,5 миллиард теңге инвестиция тарттық. Мың жұмыс орны ашылды. Құс азығы зауытының да құрылысын жүргізудеміз. Компания жыл сайын 1 миллиард теңге салық төлейтін болады. Бұл жобаның жүзеге асатынына сенімдімін.

Елена КРАЙНЕВА, Степногорск қаласындағы №2 индустриалдық-техникалық колледждің директоры:

- Ақмола облысындағы колледждердің 60 пайызы дуальдық оқыту жүйесіне көшкен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Білім беруді жаңғырту бағдарламасы кезең-кезеңмен дамып келеді. Дуальдық оқыту əдісі өз нəтижесін беруде. Бүгінгі күні тоғыз мамандық бойынша білім беріледі. Колледжді Степногорск подшипник зауыты өз қамқорлығына алған. Зауыт директоры Анатолий Томилов кез-келген өндірістік мəселелерді шешуден жалыққан емес. 2014-2015 жылдары зауыт қиындықтарға тап болса да біздің оқушыларымызды кəсіби тəжірибеден өткізді. Колледж бен зауыттың дуальды оқу жүйесін жүргізіп келе жатқанына он жыл болды. Содан бері екі жаққа да тиімді əдіспен жұмыс істеп келеміз. Біздің оқушылар зауытта тəжірибеден өтіп, біліктілігін арттырады. Оқу орнын тəмамдаған соң бірден жұмысқа орналасады...».

Осы күні 17-ші шілде Металлург күні де ескерусіз қалған жоқ. «Жаңа технологиялардың берері мол» тақырыппен шыққан мақалада өңірде осы саланың қаншалықты дамып жатқанын байқауға болады. «...2013 жылдың соңында «Тыныс» акционерлік қоғамында газдандыру əдісі бойынша металл құю цехы іске қосылды. Бұған дейін Қазақстанда  мұндай инновациялық деңгейде өнімді ешкім құйып көрген емес. Бүгінгі таңда бұл цех металл құюдың жаңа өндірісін одан əрі игеруде. Бұл жоба мақұлданып, Индустрияландыру картасына енгізіліпті. Қазіргі заманғы технологияны енгізу қара металдан құйылған қосалқы бөлшектермен кəсіпорындар қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Бұған дейін қосалқы бөлшектер шетелден сатып алынатын. Металл құю өндірісінің технологиясын игеру кəсіпорында шығарылатын өнімдердің көлемін арттыруға, еңбек, материалдар жəне энергия шығынын азайтуға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік беруде. №7 цехтың басшысы Ерғали Мəлғаждаров участоктарын аралатып, жұмыстарымен таныстырды. -Алдымен, арнайы темір қалыпқа салынған пенополистирол қыздырылып, ұлғайтылады. Сөйтіп, сырты теп-тегіс модель пайда болады. Күрделілері желімдеу арқылы құрастырылып, металл құю кезінде құм жабыспау үшін боялады. Кейін тəулік бойы кептіріледі. Қара жəне түрлі түсті металдармен жұмыс істейміз. Балқытылған металды құйған кезде пенополистиролдан жасалған модель жанып кетеді де деталь пайда болады. Жүк вагонының қосалқы бөлшегін жасаймыз. Жылу есептегіш жасауды игермекшіміз. Модель құм толтырылған қалыпқа салынады. Конвейер арқылы металл құюшыларға жеткізіледі. Қондырғыдағы металл электр қуатымен балқытылады. Бұл металдың құрамы  мұқият зерттеліп, жетіспеген химиялық элементтер қосылады. Кейін деталь өңделеді,- дейді цех басшысы. Өндіріс болат, шойын жəне түрлі-түсті металдардан салмағы 50 келіге дейін қосалқы бөлшектер жасауға арналған. Мұнда жылына бір мың тонна металл балқытылады. Зауыт «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы», «Семей Инжиниринг» акционерлік қоғамдарымен жəне «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясы акционерлік компаниясының кəсіпорындарымен келісім-шартқа отырыпты. Сондай-ақ, «Шеврон» тəрізді шетелдік компаниялардың тапсырысын орындауды қолға алған. Қай участокке барсақ та жұмыс қызу қарқын алған. Жұмысқа берілгені сондай, тіпті, қасына келген адамды аңғармайды. Металл құю участогінде балқытушы Александр Каземирді жолықтырдық. -Бұл зауытта он жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында №1 цехта металл құюшы болдым. Ол кезде қалып топырақтан жасалып, алюминий құятынбыз. Əрине, топырақпен жұмыс істегенде шаң көтерілетін. Қазіргі жұмысымыз таза, - дейді ол. Мұндағы қондырғылар салмағы 10 грамнан 100 келіге дейін, көлемі 20дан 500 миллиметрге дейінгі өнімдерді шығара алады. Цехта шығарылатын өнім халықаралық стандарттың барлық нормаларына сəйкес келеді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Тыныс» акционерлік қоғамы мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы контакттік жүйенің арматур зауыты арасында келісім-шарт жасалған. Ресейліктер цехтағы газдандыру əдісі бойынша металл құюға арналған қондырғыларды орнатыпты. Цехтың мамандары мен жұмысшылары Санкт-Петербург қаласындағы аталмыш зауытта оқып, тəжірибе алмасыпты. Ол жөнінде цехтың инженер-технологі Раида Бимағанбетова айтып берді. -Біз ресейліктерден жаңа технологияның қыр-сырын үйрендік. Əрине, бұл технологияны біздің цехта қолдану барысында қиындықтар кездесті. Дегенмен, туындаған мəселені жұмыс барысында шешіп отырдық. Ресейдегі зауытқа телефон шалып, білмегенімізді сұрауға тура келді. Интернеттен де қарадық. Бүгінгі таңда бірнеше өнімдер бойынша жұмыс істейміз. Зауыттың бас технологі детальдардың құны мен жасау мерзімін белгілейді. Конструкторлар детальдардың сұлбасын жасайды, - дейді ол. Бүгінгі таңда цех теміржолдағы электрлік контакттік жүйені жасаумен айналысуда. Жалпы мұнда газдандыру əдісімен таукен, қорғаныс жəне авиациялық өнеркəсіптері мен мұнай-газ кешені үшін өнімдер шығарылады. Ең бірінші тапсырыс «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан түсіп, олар үшін контакттік жүйенің детальдары шығарылыпты. Металл құю цехы жұмыс істегеннен бері бұл номенклатура жүз пайыз игеріліпті. Теміржол үшін өзге де детальдар жасалмақшы. Салтанат Есмағұлова үш жылдан бері күрделі модульдерді құрастырып, бояумен айналысады. Мұнда тəулік бойы жұмыс толастамайды. Модуль жасаушылар үш ауысымдық мезгілмен жұмыс істейді. Зауытта мамандар жеткілікті болғандықтан, акционерлік қоғам одан əрі жаңа өнімді игеруді жəне ұсынатын өнім түрлерін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өндірісті жаңғырту жөніндегі жұмыс тұрақты жүргізіледі. Цех жұмысына қажетті бірқатар технологиялық қондырғылар сатып алыныпты. Мұның бəрі қазіргі заманғы ғылым мен техниканың дамуына сəйкес өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа технологияны енгізу бойынша жүргізіліп жатқан тұрақты жұмыстың нəтижесі...».

Осы күні танымал қаламгер Естай Мырхаметов туралы естелік мақала жарық көрді. «Жақсы сөзі жүректе» атты мақалада «...Жүзі  жылы, жүрегі  сырға  толы  Естай  ағаны  тұңғыш  рет 1974  жылдың  қысында облыстық кітапханада көрген  едім. Онда «Он  бес  жыл  өткен  соң» кітабының  жарық  көруіне  байланысты   жазушымен  кездесу  өтті. Сол  кездесуде мен де  сөз  сөйлеп, қаламгердің  жаңа  туындысы  жайлы  оң  пікірімді  білдірген  едім. Көкшетау қаласының  Урицкий  көшесіндегі  112-ші үйдің  8  пəтерінде  тұрған  ардақты  ағаның  отбасында  əлденеше  рет болып, ақыл-кеңесін, əңгімесін  ұйып тыңдап, көңілім  көтеріліп  қайтатынмын. Содан  бері  қаншама  жылдар  зымырап  өтті.

Он  бір  рет  ажалмен  бетпе-бет айқасып,  аман  қалған  Естай  Мырзахметов  денсаулығы  онша  болмаса да қолынан  қаламын  тастаған  жоқ. Оқырман  қауымның  ыстық  ықыласына  бөленген  «Он  бес  жыл  өткен  соң»  повесін  толықтырып, роман  етіп  кеңейтті. «Медет»  романын, көптеген  əңгімелер  мен  тың  зерттеулер  жазды. Есағаң аз  жазса да сазды, мағыналы, қызықты  жазатын. Жұртшылық  оның  туындыларын бас  алмай, сүйсініп  оқитын. Дарынды  жазушы  Естай  Мырзахметов өмірінде  не  көрмеді  дейсің? Өзінің  бейнеті  аздай, ұрпақтарының  шетінеуі, əсіресе  кенже ұлы  Абайдың  жол  апатынан қайтыс  болуы оған  оңайға  түскен  жоқ. Ақырында  құдай  қосқан  қосағы  Гүлжəмиладан  айырылды. Бірақ,  тағдырдың  азабына  көніп, қиындығына  мойымай, қайсарлық  танытты. 2008  жылдың  жазында   Көкшетауда  болғанымда Бауыржан  Момышұлы  көшесіндегі үйіне  бас сұқтым. Сексенге  таяп  қалса да  ширақтық  танытып, есікті  өзі  ашты. Үстел  үстіндегі  аппақ  машинканы  көріп, Естай  ағаның əлі  жазуды  тоқтатпағанын  аңғардым. Екі  сағат  бойы əңгімелесіп, шер  тарқатқан едік. Бұл  соңғы  кездесуіміз  екенін  қайдан  білейін. Күзге қарай 80  жылдығын  тойлап, желтоқсанда  көз  жұмды. Дүние  жалған  деген  осы. Бірақ,  артында  Асқар, Алтай  атты  ұлдары, қызы  Зəмзəгүл, немерелері қалды. Қыз  бала қашан да  тиянақты, қайда  жүрсе де  əке-шешеге  бүйрегі бұрып  тұрады  екен. Зəмзəгүл  зыр  жүгіріп, əкесінің  «Арайлым», «Медет», «Көгалдайдың  көкшақпағы»  кітаптарын  көзге  көрінетіндей  етіп  əдемі  мұқабамен, ұқыптылықпен  шығарыпты. Орталық  көшеге, бас  почтамттың алдына  Естай  ағаның  суретін  іліп  қойыпты. Кезінде  мен  Естай  Мырзахметов жайлы  «Ажалмен  он  бір  рет  айқасқан»  атты  очерк  жазып, баспасөз бетінде  жариялаған  едім. Ол  кейін  «Күңгіртау  құпиясы» кітабымда  жарық  көрді. Өзінің  жарқын  істерімен, ерлігімен  бəрімізге өнеге  болған  қайсар  қаламгер жөнінде  айтылар  əңгіме жетерлік. Ардақты  ағаның  ертеде маған  жазған  хаттары  əлі  сақтаулы. Сарғайған  қағаз  беттеріндегі  жазулар, үлкенге тəн қамқорлық  сөздер жүрегімді  толқытады, арманға  толы, қиялға  толы  жарқын  күндерді  көз алдыма  əкеледі. Енді өзім Есағаңа деген үлкен құрметпен өмір бойы сақтап келе жатқан сол хаттарға кезек берсем деймін. Естай ағаның соңынан ергеніні-қарындастарына жанашырлықпен қараған бұл хаттары «Арқа ажары» оқырмандарын да бейжай қалдырмас деген ойдамын. ***Есенгелді! Хал жақсы ма, айналайын? Сенің  хатыңды  кеше  алдым. Хат  жазғаныңа да, маған  деген  жақсы  көңіліңе  де  көп-көп  рахмет! Газет  жұмысына орналасқаның  жақсы  болған. Жазуға  төселесің. Ел  көресің, жер көресің. Үйренесің. Соның  өмірге  бəрі де  керек. Тек өзің бойкүйез, жалқау болмағайсың. Талпына  бер, іздене  бер. Талпынған  қанат  жетіледі, ізденген  таппай  қоймайды. ...Саған  айтатын  ағалық  ақылым, жақсы  жігіт не болса  соған  ренжи  бермейді. Рас, көңілге  келу  деген  бола  береді. Ал,  аса бір асып  кеткен  жағдай  болмаса, көңіліңді  реніш  деген  татпен  шетінете  бермегейсің, айналайын! «Жақсы  сөз құлақта  жүрсін»  деген  бар, менің  осы  сөзімді  есіңе  ұсташы. Сау-саламат боп тұр, айналайын!

Ағалық сəлеммен, тілекпен,  Естай.                                        27. 09. 75. Есенгелді!

Хал  жақсы ма, айналайын? Қалай  газет  жұмысына  төселіп, көндігіп  келесің бе? Бұл  өзі  қызық  жұмыс. Қиындығына  шыдап, көтеру керек, қызығына  қанығу  керек. Сонда  ертең-ақ  дыңдай журналист  боп  шыға  келерің  хақ. ...Есіңде  болсын, сенің   көңіліңді  қимай, сөзіңді  жықпай  жіберіп  отырмын  бұл  əңгімені. Абыройлы  бола  берсін деген  ниетім  ғой. Осы жайды  ұққайсың. Өзің  Нұркендікінде  тұрып  жатырмын  деймісің? Оған  сəлем  айт  менен. Нұркен тым  жақсы  жазатын  жігіт. Ақылын алып, айтқанын  тыңдап  жүрсең, жаман  болмайсың, айналайын! Жұмыста  абыройлы  болуыңа  тілектеспін!

Сəлеммен,  Естай  ағаң. 

10. 10. 75. Есенгелді!

Хатыңды да, одан  бұрын  жіберген  құттықтауларыңды да  алдым. Көп  рахмет  айналайын!

Хатыңда  менің  атыма  көп-көп  мақтау  сөздер  айтқан  екенсің. Жақсы  сөз  естіген кімнің  жүрегіне  жылы  тимеуші  еді? Əйтсе де  тым  асыра мақтап  жіберу тоя  жеген  тəтті  тəрізді  болады. Рас, мақтағанды  жаны  сүйетін  адамдар  тіпті  көп. Неғұрлым  көп  мақтасаң,  соғұрлым  жаны  кіре  түседі. Шын  көңілмен  айтып  отыр деп  түсінеді де, есі   қалмай  ыржалақтап  бітеді. Ондайларды  өтірікті-шынды  мақтай  беруге  əбден  болады. Ал,  мақтан  сүймейтін  баз-баз бір  адамдар  да  бар. Оларды  мақтасаң сыпайы  ғана мақта. Сонда  сөзің  сыйлы да иланымды  шығады. Осыны  ұмытпағайсың,  айналайын. Мақтау  үшін  алдымен  сол  мақтайтын  адамның  мінез-құлқын  ескерген  лəзім! Сен  «Неге  адамдар  бір  сөзді  болмайды?!»  деп ашынасың.  Мен  саған «Əлі  ер  жетесің, өмір  көресің, білесің, үйренесің. Сонда  көзің  жетеді  бəріне»  дегенді ғана  айтамын. Əзірше  ашыну жағын  азайта  тұр, айналайын! Ағалық тілек-ниетпен,  Естай. 5. 5. 76. Есенгелді! Марфуға  екеуің  қосылып  жазған  хатты  алғаныма  көп-көп  рахмет  айтамын. Əсіресе, Марфуғаның  мына  өлеңі  үшін  мың  мəрте  рахмет! Мұндай өлеңді  көрген де,  барын  білген  де  жоқ  едім. ...Талант  адамға  табыла  бермейді. Табылды  екен, оны  құртпау  керек, ал,  өлтіруге  тіпті  де  болмайды! Естеріңде  болсын,  адамның  өзін-өзі  қор  қылғанынан  өткен  қылмыс  жоқ  бұл  өмірде! Ал, талантты  қор  қылса, ол  екі  есе  қылмыс. Ондай  оңбайтындарды  ауыр  жазаға  тартса  да  болады. Əлбетте, бойда  барларыңды  ондай қор, кем  күйге  салмайсыңдар  ғой. Қадірлей, қасиеттей  біліңдер. Адам  өз  қадірін ең  алдымен,  өзі  түсіне  білуі  керек. Онсыз  оны  ешкім де  қадірлемек  емес. Өзің  жақсы  болсаң ғана  жұрт  сені  жақсы  көреді. Ал,  жаман  болсаң  маңың   түгіл, шаңыңа да  жоламайды. ...Əділін  айтайын, Есенгелді, сенен де  Марфуға  күшті  жазады өлеңді.

Сəлеммен,  Естай  атты  ағаларың.

27 шілде,  1979 жыл. Есенгелді!

Хал-ахуалдарың  жақсы ма?

Баспада, ең  болмаса  сол  маңда  бір  жақсы  ағаң  болса, жинақ жолы  оңайлау  болар  еді. Əттең дүние, ондай  ешкім  жоқ  қой. Əйтсе де бұған  қарап  түңілуге  болмайды. ...Таныла  бергеннің ешқашан да зияны  болмайды. Қайта жұрт  біліп, құлағы  қаныға  береді. «Лениншіл  жас», «Қазақ  əдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік  Қазақстан»  газеттеріне, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарына   өлеңдеріңді  жібере  беріңдер. Бар  өлеңдер  шықпай-ақ, жартысы  жалғанның  жарығын  көрсе, ол да  қуаныш.

Өздеріңе  денсаулық,  жақсы-жақсы                                              өлеңдер  тілеуші  ағаларың  Естай.

13  тамыз,  1979  жыл.  

Есенгелді! Кітаптарды  алдым. Көп  рахмет! Марфуға  екеуің де  осындай қалың  кітаптарды  топ-тобымен   алатын  болыңдар! Нұрғожадан  хабар  алғаның  дұрыс  екен. Ұзамай  пікір де  келіп  қалар. Содан  кейін  жинақты  қайда жіберу  жайлы  ақылдасармыз. Ол  үшін  онша  көп  алаң  болмай, өлеңді  топырлатып  жаза  беріңдер.

Сəлеммен,  Естай  атты  ағаң.

11 ақпан,  1980  жыл.

Көкшетау  қаласы.

Есенгелді  СҮЙІНОВ, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі. Астана...».

Газеттің 19 шілде күні шыққан санындаМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың курортты аймақты дамыту туралы журналистерге берген сұхбаты жарық көріп отыр. Оны «Бурабайдың атағы әлемге таныла беретін болады» атты мақаладан оқи аласыздар.

«...Ақмола облысы Бурабай курорттық аймағында сұхбат берген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев тәуелсіздік жылдарында курорттық аймақ инфрақұрылымының айтарлықтай жақсарғанына тоқталып  өтті.Сұхбат барысында Нұрсұлтан  Назарбаев туризм саласының қазіргі ахуалы туралы әңгімелеп, Бурабай курорттық аймағын одан әрі дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті және барша қазақстандықтарды еліміздің табиғи жауһарларын сақтау ісіне зор көңіл бөлуге шақырды

Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи көрікті жерлерінің ішінде Бурабайдың айрықша орын алатынына назар аударды. - Елімізде туризм мен демалыс үшін түрлі бағыттар көптеп саналады. Алматының маңында Алатау таулары, ғажайып Көлсай, оңтүстік Қазақстанда - Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы, республиканың батысында - Шалқар көлі, Каспий теңізі, Қарағанды облысында - Қарқаралы, Павлодар облысында -  Баянауыл. Әр өңірдің өзіндік көрікті орындары бар, солардың бірі Бурабай - Қазақстанның «маржаны». Мұнда болғанда ән айтпау, шабыттанбау мүмкін емес. Бурабайдың сұлулығын халқымыз ежелден-ақ жырға қосқаны бекер емес. Мысалы, ақын Біржан салдың мынадай жыр жолдары бар:  «Жер шоқтығы - Көкшетау, бауырың толған бақша-бау, төңірегің сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау». Мен бұл өңірге келіп жүргеніме 25 жылдан асса да әлі тамсанамын. Қазір біздің басты мақсатымыз - курорттық аймақты оның тазалығы мен тұмса табиғатын сақтай отырып дамыту, танымал ету, - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев  сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарында курорттық аймақ и н ф р а қ ұ р ы л ы м ы н ы ң айтарлықтай жақсарғанына тоқтала келе, қазіргі кезде ұлттық саябақ Президенттің іс басқармасының қарауында екенін атап өтті.

- Бұрындары барлық ауыз су жергілікті көлдерден алынған болатын, сондықтан, ондағы су деңгейі төмендей бастады. Сол себепті Сергеев су қоймасынан су құбырын жүргізу міндеті қойылды. Қазір көлдерден су тарту тоқтатылып, су деңгейі қалпына келді. Екінші міндет - өңірдің ғажап табиғатын ластамас үшін орталықтандырылған жылу берумен қамтамасыз ету. Осы мақсатта жылу электр орталығы салынуда. Біздің алдымызда тұрған үшінші міндет - су қоймалары мен ормандарды ластанудан сақтайтын тазарту құрылғыларын орнату, - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, курорттық аймақ еліміздің танымал туристік бренді болып, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналды.

- Бурабай қазірдің өзінде Қазақстанның рәмізіне айналды. Елорданың қасында орналасқандықтан, жақсы автомагистраль бар болғандықтан, соңғы уақытта туристер саны артуда. Жыл бойғы демалыс үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Велосипедпен  және жаяу серуен жолдары ашылды, қыста шанамен сырғанап, атқа мінуге, шаңғы тебуге болады. Мұнда ірі халықаралық ісшаралар өткізуге мүмкіндіктер бар. Мысалға, шетелдік инвесторлар кеңесі болғанда Бурабайда барша әлемнің жетекші бизнесмендері бас қосты. Бұл жерде ТМД, ЕАЭО саммиттері өтті. Оларға қатысқан мемлекеттердің басшылары мен үкімет мүшелері сол ісшаралар туралы ілтипатпен еске алады. Әрине, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген қонақтар үшін де Бурабайға дейін бағыт ұйымдастырылатын болады. Курорттық аймақ көптеген туристерді тартады, бастысы  олар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау керек. Инфрақұрылымы дамыған сайын Бурабайдың атағы әлемге таныла беретін болады. Бизнесмендердің назарын осындай жағдайлар туғызуға және демалыс үшін заманауи жақсы кешендер салуға аударғым келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Бурабай ұлттық саябағының дамуы көп жағдайда біздің елордамызбен байланысты екеніне назар аударды. - Қазір Астана маңында үлкен агломерация қалыптасып келеді. Іс жүзінде елорда мен курорттық аймақ арасындағы қашықтық қысқаруда. Болашақта шағын авиация ұшып, тікұшақ көлігі дамиды деп ойлаймын. Мен Астананы салу барысында табиғат жағдайы келмейді дегенге қарамастан, оның айналасына ағаш отырғызу міндетін қойдым. Бүгінде көріп отырғанымыздай, Астананың маңына 73 мың гектарға ағаш егілді, бұл Бурабай аумағымен бірдей. Қазіргі уақытта екі аймақтың орман алқаптарын біріктіру міндеті қойылды, бұл жұмыстың жартысы атқарылды. Еліміздің кез келген көрікті орындарын дамыту үлкен күш-жігерді талап етеді, тиісінше қаражат та қажет. Дегенмен, туризмге жұмсалған әр теңге он есе пайда әкеледі. Сондықтан, еліміздің барлық туристік орындарына қажетті инвестициялар сала отырып, қолайлы жағдайлар жасау керек, - деді Қазақстан Президенті

Осы күні облыс әкімі,  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы  Сергей Кулагин партияның облыстық филиалының ғимаратында  өздерінің жеке жағдайына байланысты мәселелерімен келген азаматтарды қабылдағаны «Заң шеңберінде әділ шешімі қарастырылады» тақырыбымен шыққан мақаладан оқуға болады.

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында тұратын көпбалалы отбасының отағасы Николай Егоров облыс басшысына 11 баласымен 41 шаршы метрлік екі бөлмелі үйде тұрып жатқандығын, баспана жайын жақсарту  мақсатында құзырлы органдарға талай барғандығын, бірақ мәселенің шешімін таппай отырғандығын айтты. Қолданыстағы заңға сәйкес барлық азаматтар жалпы кезекке қойылып, баспана соған сай беріледі. Дейтұрғанмен де, он бір баласы бар көпбалалы отбасы ауданда оншалықты көп емес, сондықтан да, бұл мәселені демеушілер арқылы немесе басқа да қаржы көздерін табу жолымен шешу мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Облыс басшысы жауапты қызметкерлерге осы жайды жан-жақты қарастырып көруді тапсырды. Ал, Шортанды ауданынан келген Геннадий Скирданы толғандырған  мәселе қант диабетімен ауыратын мүгедек қызының жайы екен. Ертеректе қатты ауырған қызы Ресейге барып, сол жақта бірнеше жыл емделеді, екі рет ота жасалады. Емделу үшін ол Ресейдің азаматтығын қабылдайды. Денсаулығы аздап дұрысталған соң туған еліне келіп, міне, он жылдан бері еңбек етіп келеді. Қант диабетімен ауыратын ол ай сайын инсулин алып отырған. Биылғы жылдың сәуір айына дейін ешқандай қиындық болмапты. Ал, сәуір айынан бастап тегін дәрі алатын ауруларды электрондық тізімге көшіргеннен кейін Ресей азаматы саналатын Скирданың қызына қызмет көрсетілмейтін болған. Бұл - қолданыстағы заңның талабы. Облысымызда осындай қант диабетімен ауыратын 1200-дей адам барлығын ескерсек, оның адам өміріне қатысты өзекті мәселе екендігін түсінесің. Өйткені, науқас ай сайын дәрі қабылдап отырмаса, өміріне қатер төнбек. Облыс басшысы осыған орай, бұл мәселені  шешудің барлық амалдарын қарастыруды тапсырды.

Бурабай кентінде тұратын Қайни Тасыбаева мен Көкшетау қаласының тұрғыны Галина Харламова баспана мәселесіне қатысты туындаған жайлармен келіпті. Облыс әкімі жауапты қызметкерлерге шағымданып келген азаматшалардың мәселесін жан-жақты қарастырып, заң шеңберінде және әділ шешімін табуға көмектесуді тапсырды. Кездесу соңында өңір басшысы  «Нұр Отан» партиясы филиалының басшыларына арызданып келген әрбір адамның жайын назардан тыс қалдырмай, қолдан келгенше жәрдемдесу қажеттігін атап көрсетті.

«ТЕРІС ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ НАСИХАТЫНА ҚАЛАЙ ТОСҚАУЫЛ ҚОЮҒА БОЛАДЫ?» мақаласында бүгінгі күні қоғамда деңдеп тұрған теріс ағымдар туралы оқуға болады.

«...Дін тақырыбына қалам тартатын журналистер соншалықты көп емес. Баспасөз беттерінде жарияланатын материалдар көбіне ақпараттық деңгейде болып келеді. Діни мəселелерді талдап, олардың аққарасын анықтауға арналған сараптамалық мақалалар жоқтың қасы. Осы орайда, «Kazdream Technologies» серіктестігінің сараптамалық бағдарламаларының тигізер ықпалы аз болмаса керек. Семинарда серіктестіктің сарапшылары Аян Əділбеков пен Роман Плетюхиннің бүгінде еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған сəлафи ағымын ұстанушылардың насихат қызметіне арналған сараптамалық пікірлері журналистер тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Бұл лекцияға байланысты қойылған сұрақтардың көптігінен анық аңғарылады.

Аян Əділбековтың айтуынша, сəлафилердің  интернет арқылы насихат жұмыстарында ақпарат технологиясының ең озық үлгілерін шебер пайдаланатыны еріксіз таңдай қаққызады. Дегенмен, бұл арада мына мəселенің басы ашық: теріс ағымды өздері ұстанатынымен қоймай, өзгелерді жат ағымға көптеп тартып жатқан қауға сақалдылардың қазіргі заманғы озық ақпарат технологиясын үйреніп, меңгеруге уақыттарының да, мүмкіндіктерінің де жоқтығы анық. Ендеше, олар насихат жұмысын осындай оңтайлы жолға қалай қойған? Əрине, ақша арқылы. Сəлафилер насихат жұмыстарынан ақшаны аямайды. Олар ақпараттық технологияны терең меңгерген кəсіби мамандарға ақшасын төлеп, солардың қызметін пайдалануда. Ендеше, теріс ағымды насихаттаушылардың жолын кесудің ең сенімді жолы - қарсы насихат екендігі даусыз. Ал, мұндай қарсы насихат жүргізуге бюджеттен біраз қаржы бөлуге тура келеді. Онсыз теріс ағымды насихаттауды жолға қойып алған сəлафилердің жолын кесу мүмкін емес. Жаңадан құрылып жұмыс істеп жатқан «Kazdream Technologies» серіктестігі тек сəлафилердің насихат жұмыстарын талдаудан басқа нақты шаруамен айналыспайды. Олар дайындаған сараптамалық бағдарламалардың журналистер мен блоггерлердің дін саласындағы материалдар дайындауда  пайдаланғанда көмегі болар, дегенмен де бүгінде қызметін жоғары деңгейде құрып алған сəлафилердің насихатына қарсы тұруға оның көп əсері бола қоймайтыны даусыз. Осы орайда, дін саласындағы құзырлы органдар теріс ағымдардың қатерлілігі туралы халыққа түсіндіру, қарсы насихат жұмыстарына кəсіби мамандарды тартуға қажетті қаржы көзін тауып, бұл мəселені жолға қойғаны абзал дер едік. Семинар соңында дін тақырыбында жергілікті басылымдарда үздік мақалалар жазған журналистерге арналған конкурстың жеңімпаздары марапатталды...».

«ТҮЙТЕ ӘУЛИЕ» мақалада - «...Ұрпағының қамын ойлап, жеті атасынан асқанша қыз алып, қыз беріспейтін қазақ халқының ежелден қалыптасқан дəстүрлерінің бірі - шежіре таратуы. Жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп сөккен жұртымыз шежірені тарихты айтумен бір деп есептеген. Себебі, ол ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-бабалар тарихы. Əр қазақ өз ата-бабаларының өмірде жасаған ғибратты істерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сол арқылы тектілікті мирас еткен, жастарды тəрбиелеп отырған. Жеті атасын білу - əрбір қазақтың міндеті  деп есептелген.

Қазіргі таңда түп-тегіңді білу, бабалар тарихын зерделеу, ағайын-туысқа бір əулеттің жалғасымыз деген сезіммен қарап, араласып-құраласып тұру үшін əр өңірлерде ру-тайпалардың шежіре кітаптары жарық көріп жатқаны шындық. Сондай-ақ, осы шежірелерде заманында есімдері ел арасында кең тараған, атақтары дүйім жұртқа жайылған тұлғалы адамдар жайында көп жазылатыны белгілі. Кеңес өкіметі тұсында шежіреге ескіліктің қалдығы деген көзқарас болып, ата тарихымызды санамыздан өшіріп ала жаздадық. Ұрпақ сабақтастығы үзіліп, тарихи тұлғаларымызды ұмыттық. Сондықтан да, осындай кісілердің бүгінгі ықыласты ұрпақтары ата-баба тарихын зерттеп, түрлі шапағатты шаруаларды атқарып жатқаны жасырын емес. Міне, осындай игілікті іс биылғы жылы Қозған руындағы Түйте əулие Дүйсенұлының рухына арналып, ұрпақтары тарапынан басталғалы тұр. Заманында ауырған адамның тамырын ұстап, ем-домын жасаған тəуіп атамыздың басын қарайтып,  кесене - мазар  орнату ниетіндеміз. Қазақ шежіресінің  білгірі Мəшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларына сүйеніп, жергілікті көпті көрген қариялардың айтуымен 2007 жылдың 9-11 тамыз күндері Ерейментау ауданындағы  Байсары ауылының жанындағы əулие ата бейітінің басында ас беріліп, белгі қойылды. Бірақ, анықтап алатын  жағдайлар туындап, мазар көтеру ісі тоқтап қалды. Қазір осы мəселелер оң шешіліп, биылғы жазда қолға алынғалы жатыр.  Енді, Түйте əулие жайлы бүгінгі күнге дейін жеткен жазбаша жəне ауызша деректерге тоқталып, соған назар салайық. Мəшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі» кітабында мынадай ақпарат берілген: «...Асаубайдың кенжесі Бəзіл қажы атанған. Қыстауы Сілетіде, Ешкіөлместе. Бəзіл қажыдан Ғұбайдолла, Бопкен туады. Бопкен балалары - Жиіпалла, Нұрхамит. Кейін Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған». Бопкен Семей барамын деп, Қызылтау баурайында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырғанда, құдай рахметті қылсын, Мəшһүр Жүсіпке кез болып, - қатын-балаңды тауып ал, - деп, бір шабдар атты басыбайлы  өзінікі қылып мінгізіп қоя береді. Сол Бопкен айтты дейді: - Қозғаннан шыққан Түйте тəуіптің моласы біздің қысты күнгі қотанымыз, - деп. Үстіне ағаш шыққан. Ағаштан жасаған моласы бар. Бұл күнге дейін тозған жоқ, құлаған жоқ. Сонымен қатар, əулие атамыз туралы Мəшекең жазбаларында тағы да мынадай деректер бар: «Түйте тəуіптің қонысы əулиелі Қызылтауда, жынперімен алысқан жеріне əлі күнге шейін шөп шықпайды, көктеуі мен күзеуі Шідерті өзенінің жайылған жері, Ақкөл - Жайылмада. Қаражар, Күрең бие деген жер, жұрт осы күні əулиелі Ақкөл деп жүр. Сол Түйте тəуіп қоныс қылған соң əулиелі Ақкөл деп атайды, өзі жайлауда Сілеті бойында Ешкіөлместен жиырма бес шақырым Керей Бəзіл қажының ауылында дүниеден өткен. Зиратын ағаштан қиып салған екен, басына барып дұға қылдым». «Қозғаннан шыққан Түйте тəуіп қыстауы Қызылтауда, Жосалы деген жерде. Таң намазын сол жерде оқып, бесін

намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір күн түнеп жатып, ертеңгі памдат намазын сол жерде оқып, бесін намазын үйіне барып оқиды екен. Бес намазды  Ақкөл басында   бір дəретпен оқып, бес намазды үйінде бір дəретпен оқып, өмір бойы əдет қылған дейді. Ақкөлдің «əулиелі Ақкөл» атанғаны сондықтан екен. Бұл Қозғаннан шыққан  Түйте тəуіптің моласы Сілеті бойында Ешкіөлместен жиырма бес шақырым төмен, Жебеке Ақылтау  ұрпағының қотанында, бас жағына қараған, аяқ жағына тікен шыққан. Моласын өзі көзі тірі күнінде ағаштан қидырып жасатқан екен. Басына түнеп балалы болғандар көп дейді. Ақыл шөбересі, Асаубай немересі, Бəзіл қажы баласы Бопкен сөйдеді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бəріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып жылап: - Осынша қатын, бəрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма, көзіңіз жетті ме деп жылап қоя берген соң, Түйте əулие: -Бара бер, бердім! - депті. Сол бала Жарылғап Ақтанберді баласы Жанысбай болған екен деседі». Шежіреші Мəшекең Түйте əулие жайында өз жазбаларында осылайша ой түйіпті. Осы дəйексөздер  əулие зиратының анықталғанын  көрсетеді. Дегенмен де,  ел аузындағы кейбір əңгімелер мен мұрағаттық құжаттарда Түйте əулие зираты Əулиекөл көлінің жағасында екені айтылады. Жоғарыда жазылған анықтап алуға тиісті жəйттар жайы осындай еді. Енді соларға тоқталайық. Көнеден көнеріп  жеткен ел ішіндегі ескі аңыз - əңгімелерге құлақ  түрсек, Түйте əулие өз елінің көшін бастап келе жатқанда,  көлді  жағалай жайлап отырған қалың елге кездеседі. Алыс жолдан шаршаған көшті дамылдатып, біраз уақыт тынықтыруға рұқсат сұрап, елші аттандырады сол елге. Сөйтсе, бұл  Қанжығалы  Көлебе батыр ауылы екен. Ол көштің аялдауына ықылас білдірмейді. Сонда батырға жолығуға Түйте əулие өзі келіпті. Екеуара  əңгіме барысында ер Көлебе: «Əулие болсаңыз, астымдағы атымды шідерсіз шідерлеп беріңізші!», - деген екен. Түйте тұлпардың құйрығынан қыл суырып алып, аяғын орап тастайды. Тұлпар тырп етпейді. Жай кісі еместігін түсінген Көлебе Түйтені  үйіне түсіріп,  қонақ қылады. Азанда оянып қараса, аты тапжылмай шідерленген орнында жайылып тұр. Тəнті болған батыр: «Сіз шын əулие екенсіз. Біздің ауыл үстінен өткеніңіздің  белгісі болсын», - деп дəу тасты көтеріп əкеліп, ат тұсаулы тұрған жерге қадапты. Разы болған Түйте əулие батыр үйінің жанына қолындағы таяғын шаншыпты. Осы таяқ жайқалып, үлкен ағаш болып өсіп шығыпты-мыс. Жергілікті тұрғындар осы аңыздың желісі бойынша бұл жерді қасиетті орынға балап, қоршап қойған. Адамдар арнайы ат басын бұрып, тəу ете бастаған. Сапарлап келе жатқан жолаушылар тиын-тебен тастап, «жолымыз ашылады» деп ырымдаған. Уақыт өте келе аңыз мазмұны көмескіленіп, Көлебе батыр қадаған тас пен Түйте əулие шаншыған таяқ орны жаңағыдай себептермен өзгеріп, бұл жер Түйте əулие бейіті деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да болар, «Семипалатинский листок» газетінің редакторы Н.Я.Коншин Семей қаласында

шығып тұрған «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского Географического общества» атты журналдың 1903 жылғы алғашқы санында  жарық көрген  «О памятниках старины в Семипалатинской области» деген мақаласында: «В Аккульской волости около озера Аулиеколь есть небольшой курганчик, под которым погребен по рассказам киргизов святой Туйтэ», - деп жазған. Бұл біздіңше жансақ мағлұмат. Біріншіден, «жар басына там салма, жар құласа там кетер» деген ұстаныммен өмір сүрген қазақ халқы көлдің құлама жиегіне ешқашанда зират салмаған. Екіншіден, ата зиратын анықтауда мұрағатты құжаттармен жəне сол замандағы карталармен зерттеу жүргізген өлкетанушы-тарихшы Дəурен Аяшинов   еңбектері əулие бейітінің орнын нақтылап тұр. Енді Д.Аяшиновтың деректеріне назар аударайық. Түрлі мұрағаттық құжаттармен жұмыс істеп, тер төккен ұзақ ізденістерден кейін өлкетанушыға біздің өлкенің тарихы туралы өте қызықты мəліметтері бар құнды материалдармен танысу сəті түскен. Ресей империясы Сібір генерал-губернаторының штаб офицерлері жасаған  өте сирек кездесетін əскери топографиялық карталар мен 1830 жылдардан бастап халықты, мал басы иелерін тіркеу тізімі зор маңызға ие. Құжаттармен танысу барысында Түйтенің мынадай генеологиялық кестесі, яғни, шежіресі анықталды: Түйте - Дүйсен - Таласбай - Шүрен - Жиенəлі - Ораз - Тəңірберді - Қозған (Оразгелді) - Бегендік. Мал басы иелерінің  тізімі құжаттарында 1835-1854 жылдары Түйтеұлы Байбөрі, ағалары Сасық, Еділ, Дүйсеновтер Шүрен ауылы мен  Баянауылдан қырық шақырым жердегі  Ақшоқы, Қаратас жəне Жосалыны қыстайтыны жазылған. 1866 жылғы тізімде Елубай Байбөріұлы (№655) туралы дерек бар. 1881 жылғы əскери топографиялық картада Түйте əулие зираты  Əулиекөл көлінің жағасында екені анық көрсетілген. Осыны негізге алған болуы керек, 2001 жылы Түйте шөбересі Ырысты Қырқай (Қырқай - Байбөрінің баласы) бұл жерге ескерткіш тақта орнатыпты. Əулие зиратына байланысты Мəшекең жазбаларындағы дерек пен картадағы белгі - екі айырмашылық қосымша зерттеуді қажет етті. Нəтижесінде 1848 жылғы Санкт-Петербург қаласында шығарылған Батыс-Сібір аймағы картасы  табылып, Сілеті өзені бойындағы мазар салынатын тұс «Түйтенің адыры» аталғаны  анықталды. Сонымен, Мəшһүр Жүсіп жазбалары мен тарихи құжат - аталмыш картадағы жер атауына сүйенсек, Түйте зираты Байсары ауылының жанындағы мазар салынатын жер екені күмəн тудырмауы керек. Мен  тарихшы да, жазушы да  емеспін. Көзі қарақты оқырман ретінде жоғарыдағы жазба деректерге үңіліп, осындай шешімге келдім. 1848 жылғы Батыс-Сібір аймағы картасының басқа карталарға қарағанда салмақтылығын  ескерсек, бұл тоқтам дұрыс.

Жұмабек  РАХЫМБЕКҰЛЫ.

Ажы ауылы, Ерейментау ауданы...»

«Ардагерлер асық ойнады» атты мақалада - «...Қазақстан Республикасы тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Көкшетау қаласы əкімінің жүлдесі үшін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі, қалалық ардагерлер кеңесі, облыстық «Қазақ тілі мен мəдениеті», «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен асық ойынының бірнеше түрінен ардагерлер арасындағы жарыс өтті.

Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепте өткен шараға  29 қария қатысып, сайысқа түсті. Қазақтың ұлттық ойынын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылуында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырəлімова мен қала əкімінің орынбасары Алтынай Əміренова құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң  сөз кезегін «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамбек Қиықов алып, ардагерлер арасында тұңғыш рет өткізіліп отырған жарыстың мақсаты - өсіп келе жатқан балаларға ұлттық ойынымызды насихаттау екенін айтты. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұхитанов та ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарымызды жаңғырту үшін осындай шаралардың ұйымдастырылуы керектігін атап өтті. Қолөнерші Шəмшия Айтжанова асық ойыны туралы жазылған өлеңін оқып, қатысушыларға жеңіс тіледі. Ерлер асық атудан сайысса, əйелдер бес асық, үндемес, сарт-сұрт, алақан, нəби, алмастыру, қаршу сияқты асық ойындарының бірнеше түрінен жарысқа түсті. Жарысқа қатысушылардың ішінде ең үлкені 76-ға келген Нұрғайша Əбілдаева болды. Ол осы жарысқа немересін ертіп келген екен. Нұрғайша əжей немересіне асық ойынының қыр-сырын үйретіп, ұлттық ойынымыздың жандануына үлес қосқысы келеді екен. Жарысқа қатысушылардың өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Ерлер арасында үшінші орынды Жұмағали Жұрымбаев иеленсе, екінші орын Қабиболла ағаға бұйырды. Бірінші орынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Əлиев жеңіп алды. Əйелдер арасында бірінші орынды Жібек Балабекова жеңіп алса, екінші орынды Күлшаш Самаева иеленді.  Үшінші орын Сұмағұл Кенжетай əжемізге бұйырды.  Жаңадан ашылған «Лашын» бес асық əйелдер клубының төрайымы Зере Қиықова алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де ардагерлер арасында осындай жарыстар ұйымдастырылуы керек деп отыр. Əзірше республика бойынша ардагерлер арасында асық атудан ешкім мұндай шара ұйымдастырмаған көрінеді

«Ақмоланың ардақты қызы» мақалада - «...Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп Комитетінің  төрайымы, тәуелсіз еліміздің тарихында  әйелдер арасынан шыққан тұңғыш  генерал Сәуле Мұхамедияқызы Айтпаеваға облыстық мәслихаттың кезектен тыс  төртінші сессиясында «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы тапсырылды.

Сәуле Мұхамедияқызы  Жақсы ауданының тумасы. Жерлесіміз бұл атаққа облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен ие болды.  Сергей Кулагин қуаныш иесі туралы жылы лебізін білдіре келе, жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі. Сәуле Айтпаева өз кезегінде жерлестерінің көрсеткен осынау зор құрметі мен сенімі үшін ризашылығын жеткізіп, өзінің кешегі Торғай, бүгінгі Ақмола өңірінің қызы екендігін ерекше мақтанышпен ауызға алды. Салтанатты шара барысында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты  Ғалым Бекмағамбетов, облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов та құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Бұдан әрі сессияда 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгертулер енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров баяндама жасады. Баяндамада облыстық бюджетті нақтылай келе, әлеуметтік салаға қосымша 2,8 миллиард теңге қаржы көзінің қарастырылып отырғандығы айтылды. Оның 1,3 миллиард теңгесі алдағы қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына, ал, 221 миллион теңгесі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысын аяқтауға бағытталмақшы. 275,3 миллион теңге қаржы алдағы уақытта салынатын құрылыс нысандарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге бөлінсе, 83 миллион теңге білім беру саласының материалдық базасын нығайтуға жұмсалатын болады. Сессияның күн тәртібіне енгізілген басқа мәселелер мұның алдында өткен депутат сағатында қаралған болатын. Сондықтан, депутаттар Ақмола облысы тексеру комиссиясының ережесін бекіту, облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық комиссиялардың жаңа құрамдарын бекіту мәселелерін бірден дауысқа салып, оған бірауыздан қолдау білдірді. Сессияда облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйледі. Аймақ басшысы өз сөзінде жыл басынан бері 14 миллиард теңгеден астам салық төлемдерінің былтырғыдан артық жиналғандығын, мұның өзі бірқатар кезек күттірмес мәселелерді шешуге де оң ықпалын тигізіп отырғандығын  атап көрсетіп, осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да бәсеңдетпеу, қайта одан әрі ширата түсу қажеттігіне баса назар  аударды. Бюджетті игеруге қатысты барлық мәселе бақылауда ұсталуы қажет. Үкіметтен қарастырылған және жергілікті бюджеттен бөлінген бүкіл қаржы өз мақсатында орынды жұмсалғаны жөн. 

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облысқа елді мекендерді көркейтуге қосымша 1,5 миллиард теңге қаржы келіп түспекші. Бұл қаржы әрбір ауылдық округке мүмкіндігінше тең бөлініп беріледі. Биыл жаңадан құрылған жергілікті полицияға 500 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 63 қызмет көлігі бөлінді. Осының бәрі облыс әкімі айтқандай, бюджет қаржысын тиімді жұмсауға ұмтылудың арқасында мүмкін болып отыр. Демек, қай кезде де бөлінген ақшаны толық игеру әрбір өкілетті органның басты міндеті болып қала бермекші. Облыс әкімі мұны депутаттар да жақсы түсініп, атқарушы билікпен бір мақсат жолында қоян-қолтық жұмыс істей беретіндеріне сенім білдірді. Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

«Бүгінгі күннің  басты міндеті» мақалада- «...облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және облыстық бюджеттің орындалуының қорытындылары  туралы мәселелер қаралды.

Әкімдік мәжілісіне аудандардың, Көкшетау, Степногорск қалаларының әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, ұлттық компаниялардың басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.  Бұл жолғы әкімдік мәжілісінің күн тәртібі сессияда қаралған мәселелермен үндес болды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы  Бауыржан Мәлғаждаров өз баяндамасында Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау жолында облыста біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын, соның нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 106 пайызды құрағандығын атап көрсетті. Тау-кен өндірісінде темір рудаларын, құрамында алтын бар рудаларды өндіру көлемі айтарлықтай өсіп отыр. Машина жасау саласында да едәуір ілгерілеушілік бар. Биыл жыл ішінде 94 жоба іске қосылмақшы. Ораққа дайындық жұмыстары 84 пайыздың көлемінде еңсерілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің былтырғыдан 10 пайызға көбеюі де бюджетке түсетін салық төлемдерін ұлғайтып отыр. Ал, енді  бюджеттің өзіне келсек, оның кіріс бөлігі 110,4 пайызға орындалған.

Мұның бәрі биылғы жылы облыс алдында тұрған міндеттердің ойдағыдай орындалуына барлық негіз бар екендігін көрсетсе керек. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтың баяндамасынан да  осыны аңғаруға болады. Аудандар мен қалалар, басқармалар мен департаменттердің басым дені бюджетті игеруде айтарлықтай жұмыстарымен көрінуде. Осының арқасында облысымыз  республика бойынша бірқатар негізгі көрсеткіштерден алдыңғы орындарда келеді. Дегенмен, бүгінге дейін игерілмеген қаржы 318 миллион теңгені құрауда.  Облыс әкімі мәжіліс барысында бірқатар басшыларға түрлі сауалдар қойып, осының себебін білуді жөн көрді. Соның ішінде, қолда бар кәсіпорындардың неғұрлым толық жұмыс істеуі, бюджеттік бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы, қол қойылған меморандумдардың дұрыс нәтижесі болуы, еңбекақының өсірілуі басты әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе, бөлінген қаржының толық игерілмеуіне алаңдаған аймақ басшысы бірқатар аудан, қала әкімдері мен ведомство басшыларына қатаң ескерту жасап, жағдай осылай жалғаса берсе, ол қаржының қайтарылып алынатынын қаперлеріне салды.

Бүгінгі таңда толассыз жауған жаңбырлардан егістік алқаптардың жайы мен күтімі де оңай соқпауда. Сандықтау, Еңбекшілдер аудандарында егіс зиянкестері жиі көрініс беруде. Басқа аудандар да бұдан құралақан емес. Сондықтан, тиісті препараттардың көмегімен бұл тұйықтан шығу да басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бюджеттің кіріс бөлігінің біршама жақсы орындалуынан қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына да қаржы табылып, бүгінде осы мақсатқа 3,3 миллиард теңге бөлінгені облыс алдағы қысқа қысылмай кіреді деген сенімге жетелейді. Бұл үшін әрине, алғашқы суықтарға дейін барлық жұмыстарды үлгеріп, тиісінше қажыр-қайрат таныту керек. Әсіресе, бірінші кезекте әлеуметтік сала нысандары, балабақша, мектеп, ауруханалар  ойда болуы шарт.  Қазіргі жазғы маусымда сауда орындарында қанттың күрт қымбаттауына орай, мәжілісте азықтүлік бағасын тұрақтандыру мәселесі де қозғалмай қалған жоқ. Осы және басқа да кезек күткен міндеттер бойынша  нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімі белгіленгенін айта кетуге тиіспіз.

«Лаңкестік - қоғамға қауіп» мақалада - «...Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен облыстық әкімдіктің жанындағы лаңкестікке қарсы күрес комиссиясының кезекті мәжілісі өткізілді. Мәжіліске аудан, қала  әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аудандық, қалалық әкімдіктердің жанындағы лаңкестікке қарсы күрес комиссияларының қазіргі жағдайы мен олардың жұмысын жетілдіру туралы облыс әкімінің орынбасары, лаңкестікке қарсы күрес комиссиясы аппаратының жетекшісі   Нұрлан Нұркенов баяндады. Комиссия құрылған кезден бергі өткен уақыт аралығында өңірлерде көптеген жұмыстар атқарылып, лаңкестіктің алдын алу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда, өңір басшысы теріс ағымдардың ықпалына кетушілікке себеп болатын жайларға, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар мәселелерге ерекше назара аудару қажеттігін атап өтті. Соның бірі жалақы қарызы жайы. «Егер мекеме немесе кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, жалақы уақытылы берілмей келсе, мұндайға жол беруге болмайды. Ал, кәсіпорынның қаржы-өндірістік жайы нашар болса, ондай жағдайда банкроттық іс қозғап, ең алдымен, жалақы қарызын қайтаруды шешу қажет», - деп атап көрсетті облыс әкімі. Теріс пиғылды ағымдардың қармақ салатын ең осал тұсы - жастар. Сондықтан, жастармен жұмысқа баса көңіл бөліп, оларды еңбекпен қамту, бос уақыттарын қызықты өткізуге қажетті жағдайлар жасау қажет. «Егер біз жастарды өз жағымызға тартпасақ, онда теріс ағымдар өз топтарына тартады», - деді облыс басшысы. Осыған байланысты құзырлы органдар бұл бағыттағы жұмыстарына жете назар аударулары тиіс. Мемлекет басшысы  еліміздің басты байлығы - татулығымыз бен бірлігімізге сына қаққысы келетіндерге жол бермеу, арандатушылық әрекеттерді  батыл тойтару қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда, облыс әкімі құзырлы органдар заң шеңберінде мұндай теріс пиғылдылардың жолын кесуі қажеттігін атап өтті.     Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Ризахмет Жанбеков лаңкестік шабуылға ұшырау қаупі бар нысандарды қорғаудың жайы туралы айтып берді. Қазір облысымыздың аумағында лаңкестік шабуылға ұшырау қаупі бар деп саналатын 823 нысан бар екен. Құқық қорғаушылар тарапынан бұл нысандар бақылауға алынып, олардың қауіпсіздігі үнемі назарда ұсталады. Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахымберді Әшкеевтің айтуынша, лаңкестік шабуыл қаупі бар нысандардың басшылары немесе иелері тарапынан заңда көрсетілген қауіпсіздік шарттары сақталмай жатады. Осыған орай, құзырлы органдардың араласуымен ондай лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң ережесін сақтау ескертіледі. Облыс басшысы әлемде, оның ішінде біздің елімізде қалыптасып отырған жағдайларға байланысты лаңкестік қатердің алдын алу, оған жол бермеу бағытында мақсатты және белсенді жұмыс жүргізу қажеттігін  және құзырлы органдар мен мекемелердің басшылары бұл бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөлуі керектігін атап көрсетті. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмыстарда орын алған кейбір олқылықтарды жоюға байланысты нақты тапсырмалар берді.

«Халыққа жақын болу керек» - мақалада - «...облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы  Сергей Кулагиннің төрағалығымен партияның облыстық  филиалы Саяси кеңесі бюросының отырысы болып өтті.

Жиынға аудан, қала әкімдері, аудандық, қалалық филиалдар төрағаларының орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева Көкшетау қаласындағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының «Жаңа әлеуметтік саясат»  сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмысы жөнінде баяндады. Шешеннің сөзіне зер салсақ, денсаулық сақтау саласының барлық  қызметкерлері  «Денсаулық» бастауыш партия ұйымына  біріктірілген. Әр емдеу-алдын алу мекемелерінде партиялық топтар құрылыпты. Өткен жылы ұйым қатарында 150 адам болса, ағымдағы жылы 19 партиялық топта бұл көрсеткіш едәуір өскен.  Сонымен бірге, бастауыш партия ұйымы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға өз септігін тигізуде. 2017 жылдың шілде айынан бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Осы орайда, аталмыш бағдарламаны түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күні облысымызда бала өлімі азайып, ана өлімі тіркелмеген. Туберкулез ауруына шалдыққан науқастар саны да  азайыпты. Дегенмен, Степногорск қаласындағы медициналық қызметкерлердің жұмысы көңіл көншітпей отыр. Атап айтар болсақ,  75 адамның онкологиялық ауруға душар болғаны  азаматтардың дәрігерге қаралу кезінде ғана анықталған. Бұл жалпы тіркелген жағдайдың 96 пайызы екенін естен шығармаған жөн.  Сол себепті, сала басшысы  осындай жағдайлар орын алмас үшін аудан әкімдері денсаулық сақтау нысандарын жіті бақылауға  алу қажеттігін баса айтты. Ал, «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова  мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқаратын партия мүшелерінің салалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы жұмысын талқылады.  Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс орталығында  бірнеше әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Мәселен,  «Көктем» шағын ауданында 280 балаға шақталған балабақша, отыз пәтерлі үш тұрғын үй және  қырық бес пәтерлі тоғыз қабатты баспананың құрылысы жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалының жұмыс тобы аталған нысандарды аралап, қаржының мақсатты жұмсалуы мен  құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын қадағалаған. Одан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, «Келісім» бастауыш партия ұйымының төрайымы Айна Мысырәлімова, «Нұр Отан» партиясы Шортанды аудандық филиалы төрағасының орынбасары Сәкен Ерғалиев  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын іске асырудағы шаралар легімен таныстырып өтті. Саяси кеңес мәжілісінде хабарлама жасаған партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Қымбат Жүсіпова үстіміздегі жылдың жартыжылдығында жүргізілген іс-шаралар жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша,  партияның облыстық филиалында 21 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Мұнда жыл басынан бері  3632  арыз-өтініш келіп түскен. Оның ішінде 194-і жазбаша болса, 28-і онлайн қабылданған. Арыз-өтініштердің 39 пайызы оң шешімін тапты. Азаматтардың көпшілігі тұрғын үй, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша жүгінген. Осы ретте, баяндамашы  «Нұр Отан» партиясы Егіндікөл аудандық филиалы қабылдау бөлмесінің жұмысын сынға алды. Бұл аталған аудандағы ақпараттық-насихаттау шараларының тиісті деңгейде жүргізілмеуінен әрі жергілікті тұрғындар санының аз болуымен  байланысты. Жиынды қорытындылаған Сергей Кулагин қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардың көкейінде жүрген көптеген түйткілді мәселелерді оңтайлы шешетінін алға тартты. Нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі арта түспек. Жауапты тұлғалар өздеріне жүктелген міндеттерді  абыроймен орындап,   әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жолында ілкімді шараларды жүзеге асыруы қажет.

«АТБАСАР УЕЗІНДЕГІ ТОЛҚУЛАР» атты мақалада - «...1916 жылғы қазақ жеріндегі патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басталғанына биыл 100 жыл толып отыр. Орыс патшасының отаршылдық саясатына қарсы  қазақ халқының азаттығын аңсап, қолына қару алған бұл толқулары еліміздің барлық дерлік аймағын қамтыды. Тарихи жазбаларды оқып зерделер болсақ, көтерілісшілер бір тудың астында бірікпегендігін, бытыраңқы болғанын байқаймыз. Əр аймақ пен рулар сол өздері мекен еткен өңірде ғана көтеріліп, өз басшыларын сайлап, атқа қонған. Ұйымшылдық пен ауызбірлік жəне бір жерден басқарушысы болмағандықтан, патша жендеттері көтерілісшілердің жасақтарын жеке-жеке жеңіп отырған.

Оның үстіне əскери білімі мен дайындығы жоқ көтеріліс басшылары жауға қалай соққы беруді жете білмеген. Айбалта, қылыш, найза ұстаған қазақ сарбаздары зеңбірек, пулемет, винтовкамен қаруланған жасақты жауға қарсы  атпен құйындата шауып, оққа ұшып қырылып жатты. Бірақ, соған қарамастан, ақ патшаның өктемдігіне қарсы шыққан қазақтар намысын аяқ асты етпей, бастарын өлімге байлап, жан аямай шайқасты. Тарихқа зер салып қарайтын болсақ, 1822 жылы патша жарлығымен қазақ жерінде хандық билік жойылып, ел басқару сұлтандарға берілгендігі белгілі. Қазақтарды осылай бөлшектеп, ұсақ аумақтарға бөлу патшалық Ресейге елімізді билеп-төстеуге қолайлы, əрі ыңғайлы болатын. Қазақтардың санасынан хандық билікті жоюға тырысқанымен, ол мүмкін емес еді. Оның көріністері 1916 жылы анық байқалды. Жері, елі үшін соғысқа дайындалған қазақ жасақтары өздерінің қол бастаған көсемдерін ақ киізге салып хан көтерді. 1916 жылғы көтерілістің басталуына басты себеп,  бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақ ұлтынан қара жұмысқа адам алу жөніндегі патша жарлығы болған еді. Шұрайлы жерінен, малынан айрылып, жүдеген жұртқа мынау онан əрі соққы болып тиді. Бұл жарлық жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды. Оның соңы халық арасында ертеден бұғып жатқан өшпенділікті ушықтырып, қарулы көтерілістерге ұласты. Патшаның Жарлығына қарсы болған Атбасар уезінің қазақтары да қолдарына қару алып, бас көтерді. Ол уақытта Атбасар уезін орта жүздің ең үлкен рулары - арғын мен наймандар құрайтын. Найманның ішіндегі бағаналылықтар уездің оңтүстік өңірі Ұлытау жағында болса,  арғынның Қуандық, Сүйіндік, Бегендік рулары солтүстік өңірлердімекен ететін. Патша жарлығына қарсы осы қара халық жаппай көтерілді. Атбасар уезінің жер аумағы солтүстігі Петропавл жəне Көкшетау уезімен, шығысында Ақмола, оңтүстігінде  Сырдария, батысында Торғай уездерімен шектесіп жатты. Атбасар өңіріндегі қазақтар жер кең болғандықтан, үйірүйір жылқы, қора-қора қой ұстап, ата кəсіпті өркендеткен бейбіт ел еді.  Олар Шу өңіріне дейінгі кең байтақ далада көшіп-қонып жүрді. Міне, сол қойдан қоңыр жуас халық кенет мінез көрсетіп, астамсыған ақ патшаға қарсы көтерілді. Көтеріліс ауқымы  кең болғандығынан,  жылда тамыз айында Атбасар шаһарында өтетін атақты  жəрмеңке өтпей қалды. Қазақтардың көтерілісі патша əскерімен ашық шайқастарға ұласып бара жатқандықтан, Ақмоладан əскери губернатор П.Масальский Атбасар уезіне өзі келіп, ұлық, болыстарды жинап көтеріліске қатысушылар мен олардың орналасқан жері, қару-жарағы, адам күші жайында мəлімет беруді талап етеді. Уездегі көтерілісшілерді басыпжаншуға 300 казактан құралған пристав Данил Хомула бастаған жазалаушы отряд келеді. Мұздай қаруланған казактар қазақ ауылдарын шауып, киіз үйлерді өртеп, малдарын тартып алады. Оларға қарсы шыққан арғын болысының 800-ге жуық көтерілісшілері жеңіліске ұшырап, жазалаушы отряд халықты тонап, ойларына келгенді істейді. Тарихи құжаттарда жазылғандай, арғын болысының көтерілісін Хасан Жаңабаев, Жақып Мырзағожин, ал, оңтүстіктегі 12 ауыл Бағаналы болысының 300-ге жуық жасағын фельдшер Жаңабай Ниязбеков басқарыпты. Осы көтеріліске қатысқан сардар Жандəулет Ахметов шайқас туралы: «Қаражарға қарай бет алып келе жатқан жазалаушы отрядтың қарасы көрінді. Ел бастаған Жақсымбет «жігіттер, ана мен баланың келешегі үшін, ел намысы үшін шайқасамыз» деп ұран тастады. Осы кезде қарсы жақтан төрт пулеметтен оқ жаудырылып, Қаражар бекетінің шаңын шығарды. Кескілескен атыс басталып кетті. Атты əскер екіге бөлініп, бірі үстіртті, екінші бөлігі жардың бойын жиектей  шапты. Олар өзен қабағының қарсы бетінен шыға келгенде, біз тұтқиылдан тап беріп айқасып кеттік. Жекпе-жек ұрыс басталды» деп есіне алған екен. Атбасар уезіне қарасты ҚарақойынҚашырлы деген жерден бастау алған көтеріліс Ұлытаудың солтүстігінде Арғынаты, Желдіадыр, Ешкіөлмес, Жылыбұлақ, Көкбұлақ аймағына дейін қамтыған. 1916 жылдың маусымында бастау алған Атбасар уезіндегі толқулар, наразылықтар қарулы көтеріліске ұласып, ұлт-азаттық қозғалыстың бір көрінісіне айналды. Дегенмен, күш тең емес еді. Бір жағында азаттық пен əділдікті аңсаған айбалта, қылыш, садақпен қаруланған, дайындығы жоқ халық жасақтары, екінші жағында бастан-аяқ сол заманғы ең қуатты қарумен қаруланған жəне үлкен дайындықтан өткен жазалаушы патша əскері тұрды. Жергілікті жерлерде стихиялы түрде тұтанған қарулы көтерілістер бір-бірімен байланыспады, бірікпеді. Міне, осылардың бəрі қазақтың алғашқы ұлт-азаттық көтерілісінің жеңілісіне əкеп соқтырды. Биыл міне,  осы қозғалысқа 100 жыл толып отыр. Ата-бабаларымыздың арманы болған сол азаттыққа, тəуелсіздікке осыдан 25 жыл бұрын ғана қол жеткіздік. Демек тəуелсіздіктің оңай келмегенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз қазақ халқы бақыттымыз. Өйткені, жер бетінде осы азаттыққа қол жеткізе алмай жүрген қаншама ұлт бар. Сондықтан, қолымызға қонған осы тəуелсіздік құсын ұшырып алмайық дегім келеді. Жан-тəнімізбен ел іргесінің берік болуын ойлайық...» деп автор сөзін қорытындылады.