Қазақстанның тағы екі қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін ХҚКО ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «тәулік бойы» жұмыс істейтін тағы екі ХҚКО пайда болды, - деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.

Енді мемлекеттік қызметті алуға өтініш беру немесе дайын анықтаманы алу мүмкіндігін тек астаналықтар ғана емес, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да ала алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, алғашқы рет түнгі сағат 12-ге дейінгі жұмыс кестесі іске қосылған «Сауран, 7» мекенжайындағы астаналық Халыққа қызмет көрсету орталығы қазіргі кезде баршаға танымал.

«Біз пилоттық жобаға мұқият мониторинг жүргіздік. Оны іске қосқан сәттен бастап сағ. 20.00 мен 24.00 аралығы кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге шамамен екі мың өтініш қабылданып, 506 құжат берілген. Осындай сұранысты көріп, біз түн ортасына дейінгі жұмыс кестесін Шымкент және Алматы қалаларындағы бөлімдерде де енгізуді шештік, себебі бұл екі қала халық саны бойынша ең үлкен қалалар», - деді Оспанов.

Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08.00-ден 24.00-ге дейін. Фронт-офистер Астанада Сауран, 7, Алматыда Әуезов ауданы, Жандосов көшесі, 51, Шымкентте Қаратау ауданы, Нұрсат мөлтек ауданы, 24 мекенжайлары бойынша орналасқан. Қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын осы бөлімдерде сағ. 24.00-ге дейін төлеуге болады, себебі кассалар да «тәулік бойы» жұмыс режиміне ауыстырылған. Сенбі күні бұл бөлімдер сағ. 20.00-ге дейін жұмыс істейді.