«Бұл - біздің бастап отырған жаңа жобамыз. Осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Бұл жазғы мектептің басты мақсаты - жас сарапшылар қауымдастығымен байланыс орнату, жастарды сарапшылық қызметке баулыту. Ең бастысы - біздің жазғы мектеп жас мамандарға белгілі сарапшылармен кездесіп, олармен пікірталастарға қатысып, олардың еңбектерімен де толық танысуға мүмкіншіліктер береді деп ойлаймыз. Екінші мақсатымыз - жас мамандармен, сарапшылармен жазғы мектеп және осы сияқты жобаларды өткізу арқылы олардың арасында көзге ерекше көрініп тұрған өкілдеріне назар аударып, мүмкін олармен болашақта бірлесіп, жұмыс істеуге де көңіл аударамыз. Былтыр жазғы мектепке қатысқан бір әріптесіміз биыл біздің институт құрамында істеп жүр», - дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтының директоры Ерлан Карин.
Жазғы мектеп бес күнге созылады. Курсқа қатысшы жас мамандар қазақстандық сарапшылардың қауіпсіздікке байланысты интерактивті пікірталастарына куә болады. Олардың ішінде Досым Сәтпаев, Айдос Сарым, Вячеслав Додонов, Санат Көшкімбаев, Данияр Қосназаров, Гүлмира Елеуова, Динара Нұрышева сынды білікті сарапшылар бар. Сондай-ақ жас сарапшыларға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Қауіпсіздік кеңесі және ҚР Президент Әкімшілігінің өкілдері дәріс өткізеді. Бұдан бөлек жазғы мектеп курсында танымал халықаралық сарапшылар вебинар арқылы өз тәжірибесімен бөлісетін болады. Олардың ішінде «Chatham House» сараптамалық орталығының сарапшысы Джеймс Никси, РҒА Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Станислав Притчин, Фридрих Эберт атындағы қордың Ауғанстандағы директоры Алексей Юсупов, София университетінің профессоры Татьяна Дронзина бар.
Комиссияға Қазақстан және Орта Азияның кейбір мемлекеттерінен барлығы 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Олардың ішінен комиссия 20 қатысушыны іріктеп алды.