Қазақстанның танымал саясаткерлері Баян Есентаева мен Динара Сәтжанның жаңа бағдарламасының қонағы болады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Продюсер Баян Есентаева мен танымал тележүргізуші Динара Сәтжан "Астана" телеарнасында жаңа жобаны қолға алды.

Оның қонақтары Қазақстанның беделді саясаткерлері болмақ. Бұл жөнінде жүргізушілердің өздері Instagram-дағы парақшасы арқылы хабарлады.

«Жақында! Skystudio! Мен үшін жаңа форматта, Динара Сәтжанмен жұптасып, саясаткерлермен жұмыс жасайтын боламыз», - деп жазады Б.Есентаева.

«Сұхбат - менің сүйікті форматым. Қызықты адамдармен тілдесу - біліміңді молайтады. Бағдарламаны Баян Есентаевамен бірге жасау - керемет! ҚазМедиаОрталық кәсіпқойларымен қызмет істеу - жанға жайлы. Режиссер Қарлығаш Смағұловамен бағдарлама түсіру - тамаша бейнежазбаларға ие болу деген сөз. Өзім бауыр басқан «Астана» телеарнасында жаңа бағдарламамен шығу - көптен күткен оқиға. P.S. Ауа райының өзі бізге жақтасып тұр, тұман екі күнге сейіліп, Skystudio-мен бірге түнгі Астананы түсіруге мүмкіндік алдық. Көп ұзамай эфирден көресіздер», - деп атап өтті Динара Сәтжан.

Бағдарламаның алғашқы қонағы сенатор Бірғаным Әйтімова болмақ. Сонымен қатар көрермендер алғашқы эфирлерден Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Кариннің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевтің және өзге де аты елге таныс саясаткерлердің сұхбаттарын тамашалай алады.

Жобаның басталуы қарашаның орта тұсына белгіленген.