Қазақстанның тау-кен өндірушілер қауымдастығы Австралияның «Austmine» ұйымымен меморандум жасасты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы Австралия республикасының осындай ұйымы - «Austmine» қауымдастығымен ынтымақтастық жəне əріптестік туралы меморандумға қол қойды.

«Austmine» қауымдастығының операциялар жөніндегі бас директоры Роберт Тржебск пен Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы директорының орынбасары Төлеген Мұқанов бұл меморандумға «Қазақстан жəне Австралия компанияларының арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында өткен семинардан соң қол қойды.

«Тау-кен металлургия саласы - өнеркəсіптегі ең негізгі салалардың бірі. Тау-кен металлургия саласы республикадағы өнеркəсіп өнімінің 20%, жалпы ішкі өнімнің 18% құрайды. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, еліміздің тау-кен металлургия саласы жұмыс қарқынын азайтқан жоқ. Бірақ, дағдарыстың əсерін сезіп жатқанымыз рас. Мысалы, əлемдік дағдарыстың салдарынан шығаратын өнімдеріміздің бағасы арзандап кетіп жатыр. Ал шығаратын өнімдерінің 95%-ын экспортқа жіберетін біздің сала үшін бұл үрдіс жағымсыз əсерін тигізері анық»,-дейді Т.Мұқанов.

Сондықтан да, Т.Мұқанов атап өткендей, тау-кен металлургия саласында халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, экспортты арттыру, сондай-ақ, экспорттан басқа пайда көздерін іздеу керек.

«Бүгінгі форумда талқыланған басты мəселелердің бірі - Австралия мен Қазақстанның тау-кен өндіруші кəсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Бұл жерде айта кететін мəселе, еліміздегі кен орындары жүз жылдан артық қазылып келе жатқан кен орындары, тау-кен металлургия саласындағы кəсіпорындар да бұрыннан жұмыс істеп келеді. Сондықтан, бізге жаңа техникалар,инженерлік технологияры дамыту керек. Австралия болса, жер қойнауын көп пайдаланатын елдердің бірі. Сондықтан,олардың жаңа технологиялары, жаңадан шығарған кен қазу құралдары бар, бізге керегі де сол», - деп түсіндірді ол.

Т.Мұқанов атап өткендей, республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы мен Австралияның тау-кен металлургия қауымдастығы арасындағы меморандум келешектегі жұмыстың негізін қалап отыр.

«Осы меморандум аясында біз Австралия компанияларының Қазақстанда жұмыс істеуіне, атап айтсақ, кен орындарын барлауға, қандай компанияға қандай техника керек екенін анықтау үшін анализ жасауға мүмкіндік береміз. Осы жұмыстардың барлығы тиісті заң аясында жүреді», - деп түйіндеді сөзін.