Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту - еліміздің болашақ интеллектуалдар элитасын қалыптастыруымен тікелей байланысты - Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту - еліміздің болашақ интеллектуалдар элитасын қалыптастыруымен тікелей байланысты.

Бұл туралы бүгін Астанада Математика, физика, химия және биологиядан ІІІ Президенттік олимпиаданың салтанатты ашылуында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту - еліміздің болашақ интеллектуалдар элитасын қалыптастыруымен тікелей байланысты. Сондықтан біз министрлік тарапынан дарынды балалар мен жас таланттар шығырмашылығын дамытуға жағдай жасауға бағытталған оң шараларды қолдаймыз»,- деді министр.

Осы орайда ведомство басшысы әр жылдары жоғары деңгейде химиядан мектеп оқушылары арасында Менделеев олимпиадасы, физикадан - Азия олимпиадасы, Халықаралық математика олимпиадасы, сондай-ақ информатикадан Еуразия олимпиадасы өткізілгенін жеткізді. «Атап айтқанда информатикадан халықаралық олимпиаданың ұйымдастырушы комитеті 2016 жылы бұл білім сайысын Қазақстанда өткізуді ұсынып отыр»,-деді Б. Жұмағұлов.

Айта кетейік, 10-12 желтоқсан аралығында болатын математика, физика, химия және биологиядан 11-сынып оқушылары арасындағы бұл олимпиада «Назарбаев Университеті» базасында өтеді. Президенттік олимпиаданы өткізу ережесіне сәйкес, министрліктің І дәрежелі дипломдармен марапатталған жеңімпаздар «Болашақ» стипендиясын бекітуде, ал ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған жүлдегерлер еліміздің жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім гранттарын тағайындауда басымдыққа ие болмақ.