Федерация аталмыш сыйлықтарды 2010 жылы құрған болатын. «2012 жылдың ең үздік жас теннисшісі» атағына 1998-1999 жылдары туған қарағандылық Григорий Ломакин мен алматылық Арина Талуенко иеленді. Ойындары жоғары бағаға ие болған балғындардың әрқайсысына 10 мың АҚШ доллары көлемінде гранттар бөлінді. Бұл қаражат спортшылардың біліктілік деңгейін жоғарылатуға бағытталады.
Сонымен қатар 12 және одан кіші жас категориясындағы балалар арасында да болашағынан үміт күттірер дарынды спортшылар марапатталды. Мұнда шымкенттік Дастан Ташбулатов пен Аделаида Аллахвердиева жылдың жеңімпаз ойыншылары атанды.
Сондай-ақ, федерацияның қорытынды конференциясында жылдың үздік бапкерлерінің ерен еңбектері еленіп, оларға үлкен құрмет көрсетілді. Жыл жаттықтырушысы болып Артем Шайбаков және Владимир Шегай атанса, Павел Баранов пен Владимир Огонян «Теннис спорт түрінің дамуына қосқан үлесі үшін» алғыс хаттарымен марапатталды.