Қазақстанның ТКШ ұлттық палатасы ПИК-ті ЖШС-ға ауыстыруды ұсынады

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылысы ұлттық палатасы пәтер иелері кооперативтерін жауапкершілігі шектеулі серіктестікте ауыстыруды ұсынады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы: Сұрақ, жауап және нұсқаулар» атты республикалық конференцияда аталған палатаның басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков айтты.

«Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың пәтер иелері кооперативі нысанындағы қолданыстағы жүйесі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді. Кәсібиліктің төмен деңгейі, қызмет сапасының нашарлығы көптеген арыз-шағымды туындатып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар басқарма төрағасы пәтер иелерінің өздері де кондоминиум нысандарын басқару мен күтіп ұстауды ұйымдастыруда енжарлық танытатындығын баса айтты. Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, бүгінде елімізде 182,5 млн. шаршы метрді құрайтын 160285 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларды 8788 басқару органы басқарады. Яғни, бір басқару органына шамамен 18-20 көппәтерлі тұрғын үй немесе шамамен 330 пәтерден келеді. Ал Польшада бір басқарушы органға 60-70 мың тұғрыны бар үйлер қарайды. Мәселен, 470 мың тұрғыны бар Щецин қаласында не бәрі 8 басқарушы компания болса, 1,5 миллион тұрғыны бар Варшава қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерге 18 орган қызмет көрсетеді. Халқының саны 800 мыңға жақындаған елордада болса, мұндай органдардың саны 301-ге жетіп жығылады.

«Кооперативтердің ұйымдастыру-құқықтық нысанының өзі ұтқыр емес, нәтижесіз. Маңызды шешімдер қабылдау үшін кооператив мүшелерінің жалпы жиналысын шақыру талап етіледі. Ал ПИК-тердің жиналысы қалай өтетіндігін бәріміз де жақсы білеміз. Міне, бұл жағдайда мұның барлығы да ПИК басшылығының ұқыптылығына байланысты, яғни, субъективті фактор іске қосылады. Сондықтан біз ұйымдастыру-құқықтық нысанында басқару компания жүйесіне жауапкершілігі шектеулі серіктестікті енгізуді ұсынамыз», - деді Т.Рахымбеков.