Театрдың мақсаты - ұлттық музыкалық классиканың жауһарын театр өнеріндегі озық жетістіктер мен бүгінгінің заманауи жеткізу жолдары арқылы көрсету. Жаңа пішімдегі «Қыз Жібек» операсында ұлттық мәдени дәстүріміз ескеріліп, туындыны әлемдік театр тілінде сөйлету арқылы дүние жүзі елдеріне ұсынуға мүмкіндік туады.
Бұл туралы «Астана-Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай жобаларға ашық кастинг жариялау қалыпты жағдай. Осылайша «Астана Опера» театры Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы басты партия -Жібекті орындайтын адамды іздеуді жалғастырады.
30-31 қаңтар аралығында өткен конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар және басқа қалалардан келген 22 үміткер қатысты. Кандидаттарға мынандай талаптар қойылды: әдемі дауыс, әсем келбет, 18 бен 32 жас аралығында, міндетті түрде қазақ тілін білетін, сахнаға икемделген және актерлық тәжірибесі, сонымен қатар музыкалық білімі болуы керек. «Рольдің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, біз жас әрі талантты орындаушыны іздейміз», - дейді опералық труппаның көркемдік жетекшісі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Гюзель Хайбулина.
Конкурстың шешуші кезеңі аса көрнекті қоюшы режиссер Франко Драгоненің қатысуымен ағымдағы жылдың мамыр айында өтеді. «Астана Опера» театрының көркемдік кеңесі оған қатысатын үш үміткерді іріктеді, олар: Салтанат Байжұманова, Қарлығаш Ермекова, Салтанат Ахметова.
«Астана Опера» МОБТ директоры Төлеген Мұхамеджанов конкурсқа қатысқандарға алғыс білдіріп, опералық және концерттік сахнада үлкен жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.