Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның қайырымдылық шарасына қатысты

НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымның Әйелдер гильдиясы ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҰҰ-ның Әйелдер гильдиясы коммерциялық емес ұйым болып табылады және ол Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның мекемелері мен тұрақты өкілдіктеріне қатысты барлық әйелдердің басын біріктіреді. Гильдия мүшелері 60 жылдан бері әлемнің 170 еліндегі мұқтаж балаларға ерікті негізде көмек көрсетіп келеді. БҰҰ штаб-пәтерінің холында өткен қайырымдылық базарында сатылымға жәдігерлер, әшекейлер мен әлемнің 30-дан астам елінің ұлттық дәмдері шығарылды. Қазақстандық дипломаттардың зайыптары мен миссия қызметкерлері де өз қолдарымен дайындалған дәм түрлерін және басқа да тауарларды келушілердің назарына ұсынды. Олардың сатылымынан түскен қаражат БҰҰ-ның әйелдер гильдиясы қорына берілді. Гильдия президенті Цу-Вей Зои Чанг ҚазАқпарат тілшісімен болған әңгімесінде, Қазақстанның ұйымның қайырымдылық іс-шараларына белсенді атсалысатынын атап көрсетті. «Мен сіздердің елдеріңіздің тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімовамен жақсы қарым-қатынастамын. Ол кісі біздің жұмысымызға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Цу-Вей Зои Чанг ханымның айтуынша, жиналған барлық қаражат балалар үйлерін, мектептерді, оңалту орталықтары мен басқа да балалар мекемелерін қолдауға жұмсалады. «Жыл сайын біз 100-ден астам жобаны жүзеге асырамыз», дейді Гильдия басшысы.