Кездесу барысында тараптар жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, БҰҰ-ның халықарлық мәселелерді шешудегі рөлі және Қазақстанның осы үдеріске қосып жатқан үлесін талқылады.
Қ.Әбдірахманов Қазақстанның БҰҰ-мен кедейлікті жою, әйелдердің рөлін нығайту және олардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, климаттың өзгеруі, жаппай қырып-жою қаруын таратпау сияқты Бас хатшы тарапынан белгіленген мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға әзірлігін білдірді.
Біздің еліміз Тұрақты даму мақсаттарын және Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсене қатысуда. Қазақстан Мыңжылдықтың даму мақсаттарының орындалуы туралы халықаралық қоғамдастық алдында алғашқы болып есеп берді. Атап айтқанда, кедейлікті азайту, бастауыш білім алу мен орта білім саласындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу.
Ядролық қаруды таратпау және энергетикалық, су, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері Қазақстанның жүзеге асырып жатқан 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі орнына сайлану науқанының күн тәртібінде тұр.
Қазақстан БҰҰ-ның әр түрлі органдарының жұмыстарына белсене қатысып, 2014 жылдан бастап БҰҰ экономика мен әлеуметтік кеңесінің, есірткі заттар жөніндегі комиссияның, БҰҰ үйлестіру кеңесінің АИВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД) бағдарламасының және ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы комитетінің мүшесі болып табылады.