«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несие беру талаптарына өзгертулер енгізді

АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 1 қарашадан бастап несие беру талаптарын өзгертті.

Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Өзгерістерге сәйкес бұдан былай жылына 12 пайыз мөлшерлемемен алдын ала заемдар алуға мүмкіндік туды. Тұтынушылар тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін алдын ала жинақтаусыз жылына 12 пайызбен тұрғын үй заемдарын ала алады, осыған орай ай сайынғы төлем орташа алғанда 10 пайызға төмендетілген.

Сондай-ақ «Жеңіл» аралық несие беру бағдарламасы қайта жандандырылған. Бұл бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қажет соманың 50 пайызы қолында бар немесе көрсетілген соманы өзінің жинақ шотында мерзімінен бұрын жинаған тұтынушылар жылына 11 пайызбен «Жеңіл» несие беру бағдарламасы бойынша аралық тұрғын үй заемын пайдалана алады. «Жеңіл» бағдарламасының ұтымдылығы - негізгі қарыз өтемін 3 жылдан артық емес мерзімге кейінге қалдыру.

ҚазАқпарат анықтамасы: «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізінде жұмыс істейтін бірден-бір қаржы институты болып табылады. 2009 жылғы 27 шілдеден бастап «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компанияларының тобына кіреді.