Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығы ҰКП құрамына кіруге ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы ҚР ҰКП бұқарамен байланыс жөніндегі департаментіне «Tourmagazine» ЖШС директоры Әсел Нұркебаева хабарлады, деп хабарлайды ведомстводан.

Оның айтуынша, туристік сала - кез-келген ел экономикасындағы күрделі салалардың бірі. Көп нәрсе адами факторға тәуелді. Нарықтағы бәсекелестік және көптеген ұсыныстар жағдайында форс-мажор жайттарға икемделуге тура келеді.

«Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері компаниялардың банкроттық жағдайға ұшырауы жиілеп кетті. Дамушы нарық жағдайында шетелдік туроператорлармен ғана емес, авиатасымалдаушылармен де мәселелер туындап жатты. Нарыққа өзін-өзі реттеуші орган қажет, себебі туризм саласында кәсіпқой мамандардан басқа ешкім де бұл саланы тәртіпке сала алмайды», - деп атап өтті Әсел Нұркебаева. Бір айта кететіні, былтыр туризм индустриясы субъектілерінің «Байтақ» тұтынушылар кооперативі құрылған еді. «Ол осындай жағдайларда тұрақтандыру қорын пайдалана отырып, дер кезінде әрекет ету үшін құрылған еді», - дейді «Tourmagazine» ЖШС директоры. Ол сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кіру - бұл мемлекеттік органдармен ынтымақтастық бағытындағы қажет қадам екендігін баса айтты. «ҰКП негізі қаланған сәттен бері туризм нарығында ілгерілеулер байқалуда және біз болашақ жобаларымыз бен ынтымақтастығымыз жемісті болады деп сенеміз. Біз өзара тиімді әрекеттесе аламыз», - деп қорытты Ә.Нұркебаева.