Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жағдайы нашар отбасыларға көмек көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі және Түркия аймағындағы консулдық қызметі бөлімшелері Қазақстандағы жағдайы нашар отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл жайында Елшіліктің Фейсбуктегі парақшасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.



«Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық қызметінің өкілдері көмекке зәру болып отырған қазақстандық отбасыларының балаларына қажетті киім-кешек алып, Ыстанбұлдан салып жіберді. Осыған орай дипломаттармен жиын өткізген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға баса назар аудара отырып, еліміздің болашағы - балалардың мүшкіл жағдайына немқұрайлы қарай алмайтындығын жеткізді», - делінгне ФБ жазбада.

 «Қазақстанның әрбір азаматы өз отбасынан бастап, еліміздің болашағы үшін жауапты. Болашақтың жарқын болуы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, салауатты өмір кешуіне байланысты. Осы себептен қорғауға және көмекке зәру болып отырған жағдайы нашар отбасыларына қол ұшын беру бәрімізге ортақ парыз», - деген Елші көмекке мұқтаж жандардың қасынан табыла білген дипломаттардың осы қайырымдылық ісіне ризашылығын білдірді.