Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирелмен кездесті

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің қарсаңында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Түркия Республикасының бұрынғы президенті Сүлеймен Демирелмен кездесті.

Бұл туралы Қвазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігі хабарлап отыр.

Сұхбат барысында С.Демирел қазақ-түрік қарым-қатынасының стратегиялық әріптестік рухта дамып келе жатқанын айта келіп, қазіргі әлеуетіне зор қанағаттанатындығын білдірді.

Ол Қазақстан көшбасшысының ұсынысы бойынша тұңғыш рет түркі әлемінің тарихында Парламенттік ассамблея, Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі, Түркі академиясы, сондай-ақ мемлекетаралық орган - Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі - Түркі кеңесі құрылғанын атай отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың түркі әлемінің ақсақалы ретіндегі, бауырлас елдеріміздің екіжақты ынтымақтастығын дамытудағы, түркітілдес елдер арасындағы өзара қатынастарды нығайтудағы және түркі әлеміндегі интеграциялық үдерістердің дамуындағы орасан зор рөлін атап өтті. «Қазақстан Президенті қазіргі заман тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі болып табылады, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі тұтас алғанда оның атымен байланысты»- деді С.Демирел.

Өз кезегінде елші Ж.Түймебаев Елбасының ең ізгі тілектерін жеткізе отырып, алдағы Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті заңды нәтижесі болып табылатын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңіндегі негізгі іс-шаралар мен бастамалары туралы әңгімеледі.

С.Демирел Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалады және Қазақстан астанасында өтетін осы аса маңызды іс-шараның табысты өтетініне сенімін білдірді. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың арқасында Қазақстан Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықтың сақталуында маңызды рөл атқарып отыр»,- деп атап көрсетті Түркияның бұрынғы президенті. Ол сондай-ақ Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы минуттарда бірінші таныған ел ғана болып қоймай, Қазақстанның 1994 жылы ЕҚЫҰ мүшелігіне кіруін қолдаған бірінші мемлекет - ЕҚЫҰ мүшесі болып табылатынын айтып өтті.

Әңгіме соңында С.Демирел ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа және Қазақстан халқына өзінің ізгі тілектерін жолдады және біздің еліміздің алдағы Тәуелсіздік Күнімен құттықтады.