Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі байқау жеңімпазы 5 миллион теңге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық бренді жеңіл қабылданып, оңай есте қалуы тиіс. Бұндай талап жақында жарияланған байқауға қатысушыларға қойылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі конкурс басталатындығын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеген болатын.

«Елдің имиджін сауатты түрде ілгерілету үшін онымен байланысты образдар, идеялар мен ассоциациялар креативті, қайталанбас әрі жадыңда жатталып қалатын символикамен біте қайнасуы керек. Осындай іргелі істі біздің еліміз де қолға алуда. Атап айтқанда, бүгін Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі конкурс басталады», - деп атап өтті министр.

Байқауға жеке және заңды тұлғалар азаматтығы бойынша шектеусіз қатыса алады. Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін анықтау жөніндегі Байқауға қатысушылар мыналарды ұсынуы тиіс:

1. Логотип - әлемдік аренада Қазақстанның танымалдығын арттыру үшін қолданатын графикалық белгі (эмблема/символ). Онда стильденген әріптер және/немесе сөз түрінде сәйкестендірген брендтің атауы  көрініс табуы қажет. Логотип jpeg, png, giff форматтарда, 1000x1000 px көлемінде ұсынылуы тиіс.

2. Ұран - туристік және инвестициялық тартымдылықты арттыра отырып, қазақстандық брендке деген сенімділігін күшейту арқылы мақсатты аудиторияның назарын тартуға арналған жарнамалық коммуникацияның барлық түрінде қолданылатын хабарламаны сипаттайтын имидждік девиз болып табылады. Ұран оңай оқылатын, жинақы, қызығушылық туғызатын болуы тиіс және мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы керек.

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық брендінің тұжырымдамасын еркін форматта мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындап, ұсынуға болады.

Тұжырымдамада бренд-бук форматында брендті түрлі  имидждік өнімдерге (қаламсап, салпыншақ, белгіше, жейде, бейсболка және тағы басқалар) қондырудың үлгілері, сондай-ақ билборд макеттері, электрондық және баспа БАҚ-тың жарнамалық модулдері, веб-сайт баннерлері, брошюралар, парақшалар және басқа да өнімдер ұсынуға болады.

Сондай-ақ, тұжырымдамада жұмыстың ортақ идеясы сипатталып,  ұсынылған ұран мен логотиптердің негіздемесі бойынша түсініктеме берілуі тиіс.

Ал жұмысты таңдаудағы параметрлерге тоқталатын болсақ, идеяның жаңашылдығы мен қайталанбастығы, жеңіл қабылдануы мен оңай есте қалуы, елдің ерекшеліктерінің көрініс табуы (мәдениет, әдет-ғұрып, индустрия, туризм, құндылықтар), көркем образдың жинақылығы, орындалған жұмыстың эстетикасы мен сапасы, стандарттан тыс техника мен көркем материалдарды қолдану, стильдің өміршеңдігі, тартымдылығы, сондай-ақ елдің инновацияны дамыту және енгізуге деген ұмтылысын бейнелеу, отандық, сонымен бірге халықаралық аудиторияға бағдарлануы ескерілуі тиіс.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші  интернетте дауыс беру. Өтінімдерді жинаудың қорытындысы бойынша 15 күн ішінде жұртшылық олардың арасынан үздік дегенін таңдайды.Екінші  интернетте дауыс беру нәтижесінде іріктелген үздік жұмыстарды (ең көбі 10 жұмыс) Сарапшылық кеңес алдында таныстыру. Кеңеске танымал қоғамдық және саяси қайраткерлер, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, сонымен бірге отандық және халықаралық сарапшылар енеді.

Байқауға мамандығына, заңды мәртебесіне, жасы мен азаматтығына қарамастан, кез келген адам қатыса алады. Жеңімпаз 5 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болмақ.

Байқауға ұсынылған жұмыстарды жинақтау министрлік сайтында (https://mic.gov.kz/kk/competition) бір ай бойы жүргізіледі. Өтініммен бірге логотип, ұран, еркін формада жазылған және жұмыстың мәні мен мазмұнын ашып көрсететін қысқаша тұжырымдама жолдануы тиіс.