Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы, Тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейтін болады

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Жалпы, заң жобасының мақсаты халықаралық шарттар саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Бұл ретте құжат бойынша екі заң жобасына толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі. Олар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңдары. Соның ішінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келмейтін, ұлттық қауіпсіздігімізге залалын тигізуі мүмкін немесе еліміздің Тәуелсіздігіне кері әсерін беретін халықаралық шарттарды жасасуға жол бермейтін жаңа норма енгізіледі. Бұл норма келісімдерді даярлау мен оларды жүргізуге қатысушы мемлекеттік қызметшілер үшін негіз қалыптастыратын болады. Бұдан бөлек, қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын басты фактор екенін еске ала отырып, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттарын Қазақстанның мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасасуы ұсынылады.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылады.