Қазақстанның Ұлттық мұражайы көлемі жағынан әлемдегі ең ірі музейлердің алғашқы ондығына еніп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық мұражайы көлемі жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш мұражайдың Орталық Азияда теңдесі жоқ.

«Мұражайдың ерекшеліктері өте көп. Оның аумағының өзі 74 мың шаршы метрді құрайды. Эрмитаж 180 мың шаршы метр, Лувр - 160 мың, Метрополитен деген Американың керемет музейі - 110 мың шаршы метр, Третьяков галереясы 70-75 мыңдай, Корея музейінікі - 135 мың шаршы метр. Біздің мұражай жалпы көлемі жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреді», - дейді Д.Мыңбай. Мұражай басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта кешеннің ішін бағалы экспонаттарымен толтыру жұмыстары қарқын алған. «Мәселе көлемін ғана айту емес, ондағы экспонаттардың мазмұндық жағынан алдыңғы қатарына шығуымыз керек. Оған барлық мүмкіндіктеріміз бар. Жақсы жәдігерлер ортақ болуы тиіс. Сондықтан біздің жеке коллекционерлер осы ұлттық мұражайдың қорына құнды заттарды тапсырып жатыр. Оған үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол тарихи құндылық болып саналады. Сондықтан өздерінде сақталмай қалуы мүмкін бағалы заттарды осы мұражайға келіп тапсырып жатыр. Бұл жақсы үрдіс және дәстүр болып қалуы тиіс», - деп атап өтті ол. Мұражайда заманауи технологияларға ие арнайы зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылған. Олар тарихи жәдігерлерді сақтау, оны зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын болады. Қазіргі уақытта Еуропаның, Ресейдің танымал мұражайларымен және кураторларымен әріптестік орнатылып, тиісті келісімшаттар жасалуда. Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен мұражайдың ашылу салтанаты өткен болатын. Д.Мыңбайдың хабарлағанындай, кешенге кіру ақысы зейнеткерлерге, оқушыларға және мүгедектерге жеңілдетілген бағамен сатылады.