Қазақстанның UNESCO және ISESCO істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті
Отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанның білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша комиссия, оның тақырыптық комитеттері мен UNESCO клубтары және UNESCO-ның қауымдасқан мектептерінің жұмыстарының нақты нәтижесі баяндалды. Атап айтқанда, Қазақстанның тағы екі ұлттық паркі – Шарын және Жоңғар Алатауы UNESCO-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімі Қазақстанның «Қорқыт мұрасы» және «Қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары – Қымызмұрындық, бие байлау және айғыр қосу» номинацияларымен толықтырды.
UNESCO-ның қолдауымен Париж қаласында «Ұлы дала: рухани мұра және оның әлемдік тарихқа үлесі» халықаралық форум сәтті өткізілді.
Қазақстан UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесіне тағайындалды, ал Қазақстандық салалық ұлттық комитетінің басшысы Р. Ященко биосфералық резерваттар жөніндегі Кеңесшілердің халықаралық комитетінің құрамына тағайындалды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.Ашықбаев UNESCO-ның Әлеуметтік-мәдени саладағы міндеттерді шешуде Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала беретінін, сондай-ақ мәдениет, ғылым, білім, ақпараттық технологиялар салаларындағы ұлттық жетістіктерді насихаттау үшін бірегей платформа болып табылатынын атап өтті.
Отырыс барысында қатысушылар комиссияның 2020 жылға арналған қызметінің басым бағыттарын талқылады, оның ішінде UNESCO-ның дүниежүзілік мұра және материалдық емес мұра тізіміне жаңа ұлттық номинацияларды дайындау және ілгерлету мәселелерін қарастырды.
Комиссия мүшелері биыл UNESCO-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді мәселесін талқылауға ерекше назар аударды.