«Біз жыл соңында өз жұмыстарын үздік ұйымдастырғандары үшін жақсы көрсеткіштермен көзге көрінген соттардың төрағаларын жинап отырмыз. Биылғы қаңтарда Қазақстан Судьялар одағы сот жұмысын үздік ұйымдастыруға арналған байқау-конкурсты жариялаған болатын. Осыған дейін үзді сот ұжымы емес, үздік судьялар байқауы өтетін. Енді биылдан осы байқаудың талаптары мен тәртібі өзгерді, осы орайда жаңаша өткізілген конкурс аясында марапаттайтын боламыз»,-деді Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми.
Бұл тұрғыда ол соттар жыл бойы өз жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылданғанын, сондай-ақ соттардың жаңа электрондық қызметтері халықтың қолдауына ие болғандығын атап өтті.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша аудандық соттар арасында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Семей қалалық соты, екінші орынды Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты иеленді. Ал Маңғыстау облысының Ақтау қалалық соты мен Ақмола облысының Бұланды аудандық соты үшінші орынды өзара бөлісті.
Облыстық және оған теңестірілген соттардың арасында бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облыстық соты, екінші орынды Жамбыл облыстық соты, үшінші орынды Павлодар облыстық соты иеленді.
Айта кетейік, байқауды өткізу барысында құрамына Жоғарғы Соттың судьялары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен Судьялар одағы орталық кеңсесінің өкілдері енген республикалық комиссия құрылды.