«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына 100-ден астам компания қатысады - Алматы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 6-7 тамызда өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өтеді. Оған қатысуға 105 бизнес субъектісі өтінім берген.

«Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымында 44 компания, «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымында - 32, «Ең үздік азық-түлік тауары» аталымында 29 компания бақ сынайтын болады.

Ең үздік тауар атағын имемденуге «Рахат» АҚ, «Ақсай нан» комбинаты, «АЗМК» ЖШС сияқты ірі компаниялардан бөлек шағын бизнес өкілдері, атап айтқанда 10 жеке кәсіпкерлік қатысатын болды.

«Уақыт алға жылжыған сайын заман талабы өзгеріп жатыр. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, ЕАЭО, әлемдік дағдарыс жағдайында тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру өте маңызды. Байқауға қатысты барлық талаптар тауардың сапасын арттыруға, инвестиция тартуға, технологияны дамытуға бағытталған. Ең бастысы тауар Қазақстан территориясында өндірілуі керек», - деді аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Юрий Тілеумұратов.

Әр аталым бойынша байқау жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломмен әрі арнайы эмблемамен марапатталады. Марапаттау шарасы Ахметжан Есімовтың қатысуымен өтеді.

Олар биыл желтоқсанда Астанада өтетін финалдық байқауда бақ сынайтын болады.