Қазақстанның үздік журналистеріне Елбасының сыйлықтары мен гранттары тапсырылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беріп, гранттарын тапсырды және Алғысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Баршаңызды Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегі жоғары деңгейде лайықты бағаланып, арнайы аталып өтілетін дәстүрлі шарада сіздермен жүздесіп отырғаныма аса қуаныштымын. Бүгін үздік деп танылған журналистеріміз бен озық жетістіктерімен ерекшеленген шығармашылық  ұжымдарға Президент сыйлықтары мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялаймыз. Журналистер қауымы асыға күтетін бұл шара биыл 21 рет өткізіліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев БАҚ саласын дамытуға ұдайы айрықша көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз білесіздер. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, баспасөз қашанда халықтың көзі, құлағы һәм тілі», - деді Мемлекеттік хатшы.
   

Сонымен қатар ол ширек ғасырлық уақыттың ішінде БАҚ өкілдері еліміздің қоғамдық-саяси әлеуметтік экономикалық дамуының барлық үдерістерін уақытылы жан-жақты жариялап келе жатқанын баса айтты.
  

«Ақпарат саласы мемлекеттік билік пен халық арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз етіп, Қазақстан қоғамын жұмылдыруда маңызды рөл атқаруда. Бүгінде отандық БАҚ-та Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық мақсат-міндеттерді соның ішінде «Рухани жаңғырудың» маңызын кеңінен жариялап көрсету міндеті жүктеліп отыр. Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде ақпараттық тұрғыдан қолдау күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі.  Осы айтылған және өзгеде маңызды міндеттерді БАҚ өкілдері сапалы әрі уақтылы орындайды деп сенеміз»,-  деді Гүлшара Әбдіқалықова.
   

Мемлекеттік хатшының айтуынша, ағымдағы жылы жүлденің жалпы қоры 9 млн 76 мың теңгені құрап отыр. Президент сыйлығының лауреаттарына 3 млн ал грант иегерлеріне 1 млн 538 мың теңгеден берілді.
    

Соңғы жаңалықтар