Айта кетерлігі, атом энергиясын дамыту саласында ҚР мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жоспар аясында бүгіннен бастап 7 қарашаға дейінгі кезеңде Астана қаласында АЭХА өкілдері мен сарапшыларының қатысуымен Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссия (ИНИР миссиясы (INIR Integrated Nuclear Infrastructure Review) өтеді. Делегация басшысы АЭХА Атом энергетикасы департаменті Ядролық энергетика бөлімінің директоры доктор Дохи Хан. Сондай-ақ делегацияның құрамына АЭХА-ның штаттық қызметкерлері және шақырылған халықаралық сарапшылар кірген.
«Миссия 7 қарашаға дейін жалғасады. Біз өзіміздің инфрақұрылымызға шынайы баға жасап, атом энергетикалық даму және жүзеге асырылып жатқан ядролық инфрақұрылым бағдарламаларымызды түсінгіміз келеді», - деді кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын барысында еліміздің Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев.
Өз кезегінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілі Дохи Хан миссияның негізі мақсаты МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттің атом энергетикасы саласында инфрақұрылымын дамытуға және оны жүзеге асыруға көмек көрсету екендігін баса айтты.
«Бағалау ұлттық ұстаным, ядролық қауіпсіздік, қаржыландыру сынды 19 өлшем бойынша жүргізіледі. Біз өңірлердегі нысандарға бармаймыз. Дегенмен, Қазақстан осынау миссия қарсаңында әзірлеген өзін-өзі бағалау есебіне назар аударатын боламыз», - деді ол.
Айта кетейік, ИНИР миссиясының мақсаты ядролық-энергетикалық инфрақұрылымның даму мәртебесін анықтау кезінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агентікке мүше мемлекетке көмек көрсету, атом энергетикалық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды кешенді бағалау. Инфрақұрылымды кешенді бағалау сұхбат, нысандарға бару және нормативтік құжаттарды шолу арқылы, сонымен қатар елдің өзін-өзі бағалауы бойынша есепке сүйене отырып, 19 өлшем бойынша жасалады.