Қазақстанның жаңа экономикалық моделі: сарапшылар жаңа Жолдаудан не күтеді

Фото: Фото: jcomp/Freepik
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде Қазақстанның жаңа экономикалық модельге көшуі керек екенін айтып өткен еді. Бұған дейін ол Жоғары экономикалық кеңесте отандық экономистерді сынға алып, олардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Сарапшылар да инфляцияның жоғары екенін, Үкіметтің жағдайды өзгерту үшін қандай да бір нақты іс-шараны қолға алмағанын алға тартып, жалпы экономикалық модельді өзгерту керек деп есептейді. Сондықтан да ел Президенті биылғы қыркүйекке жоспарланған Жолдауында экономикалық саясатқа баса мән беріп, оның жаңа моделі жөнінде сөз қозғамақ. Осыған орай, біз жаңа экономикалық модель қандай болуы керек, Мемлекет басшысы жаңа Жолдауда экономиканың қай бағыттарына баса назар аударуы керек деген сауалдарды бірқатар сарапшыға қойып көрген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында жаңа жкономикалық модельге баса назар аударылатынын атап өтті. Ол Үкіметтің міндеті тиісті ұсыныстар беріп, осы жоспарлардың орындалуына кепілдік беру екенін баса айтқан еді.

«Жақында мен Жоғары экономикалық кеңестің отырысын өткіздім. Ашығын айтсам, онда отандық экономистерді сынадым. Меніңше, олар жеткілікті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ, креативтіліктен де жұрдай, біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерін де дұрыс түсінбейді. Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті проблемаларды шешуді қолға алуымыз керек... Еліміздің экономикалық дамуына зор серпін беруге бағытталған бұл маңызды істі бірге бастауымыз керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзін бірқатар сарапшы қуаттай түсті. Мәселен, белгілі экономист Мақсат Халық қазір елдің экономикалық жағдайын тиісті деңгейде дамытуға мүмкіндік беретін нақты бағдарлама не мемлекеттік стратегия жоқ екенін атап өтті. Сондықтан да дәл қазіргідей уақытта жаңа экономикалық модель қажет-ақ.

Фото: didar-gazeti.kz

«Бұл жерде Президенттің сынайтындай жөні бар, мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін бізде саяси өзгерістер бар, реформалар қолға алынды, бірнеше заңға өзгеріс енгізілді. Алайда халықтың экономикалық әлеуетін арттыруға байланысты ештеңе жасалып жатпағанын көріп отырмыз. Сонда мемлекетімізді алдағы онжылдықта қандай болашақ күтіп тұр? Осы түсініксіз. Сондықтан да Мемлекет басшысы дұрыс айтып отыр, бізге жаңа экономикалық модель керек-ақ. Қазақстан экономикасын жаңа бағытқа жетелейтін модель қажет»,-деді ол.

Тағы бір экономист Олжас Құдайбергенов те халықтың өткен жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жағдайдың өзгеретінінен үмітті болғанын, алайда Үкімет ешқандай реформа жасап жатпағанын тілге тиек етті.

«Халықтың 2022 жылдың қаңтарынан кейін 30 жыл бойғы қордаланған барлық мәселе шешімін табады деген үлкен үміті бар. Алайда жағдай өзгермеді, бұрынғы жартас сол жартас, Үкіметіміз айтарлықтай реформаларды қолға алған жоқ. Екіншіден, елдің экономикалық жағдайы, азаматтардың әл-ауқаты тіптен нашарлап кетті. Әсіресе, инфляция фонында. Түрлі техногендік апаттар мемлекеттік басқаруды реформалау мен кадрларды жаңартуды қоса алғанда, түбегейлі шаралар қажет екенін көрсеткенін түсінуі керек»,-деп, баса айтып өтті.

Фото: inbusiness.kz

Сондай-ақ ол тарифтер бағасының үнемі өсіп, бизнеске тиісті жағдайлардың жасалмауы да инфляцияның жоғары болуына әкеліп соғып отырғанын да жеткізді.

«Жалпы инфляцияның жоғары болуының екі себебі бар. Бірі – тарифтер бағасының өсуі, екіншісі – бизнес жағдайының төмендігі. Мұндай мәселелер көп жағдайда ұзақмерзімді стратегия жоқ кезде, яғни күнкөрістің қамымен ғана жүргенде туындайды. Әріптес елдердің валюта бағамының тұрақсыздығы әсер етіп отыр. Міне, осындай кезде экономикалық өсімнің төмен болуы да заңды»,-деп есептейді Олжас Құдайбергенов.

«Жоспар құратындарды ғана емес, орындаушыларды да өзгерту керек»

Бұдан бөлек белгілі экономист Расул Рысмамбетов кадрды жаңарту керек, ал жаңару түбегейлі болуы қажет деп санайды.

«Бізде көптеген жақсы бағдарлама бар, алайда қазіргі мәселе олардың қалай орындалып жатқанында. Өйткені біз Үкіметті – Премьер-Министрді, Экономика министрі мен Президент Әкімшілігіне жиі назар аударып, соларға қараймыз. Алайда шындығына келгенде, барлық экономикалық саясат квазимемлекеттік мекеме, облыс әкімдері мен жергілікті әкімдіктердің қолында. Сондықтан кадрлық ауыс-түйістер болатын болса, олар түбегейлі болуы тиіс, яғни жоспар құратындарды ғана емес, орындаушыларды да толығымен өзгерту керек»,- дейді Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, егер тереңірек үңілсек, орындау мәселесі өте төмен, себебі міндеттерді нақты бөлу мен тағайындау мәселелері дұрыс жолға қойылмаған.

«Менің ойымша, біздің стратегияны жиі өзгертуіміздің басты себебі – бұрынғысының жұмыс істемеуі. Соңғы кездегі стратегиялар логикалық жағынан өте жақсы жазылған. Дегенмен өнімділік нөл. Меніңше, шын мәнінде өнімділікті көрсететін негізгі көрсеткіштер жоқтың қасы. Сонда оны кім орындайды, бұл жерде мәселен, аудан басшысының орынбасарына дейін бұйрық берілмейді», - деп түсіндірді сарапшы.

Фото: facebook.com/rassul.rysmambetov

Сарапшы заңдар мен бағдарламалардың көбін толығымен қайта жазып шығу керек деп есептейді. Оның сөзінше, іске қосылып жатқан жобалардың 50 пайызында тиісті бизнес-жоспары мен қаржылық моделі жоқ, сөйтіп 2-3 күнге жұмыс орындарын ашады.

«Бұған дейін бағдарламалар, нұсқаулар, заңдар қабылданды, осының көбі түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Бізде ескірген заңдар өте көп. Біз ескі заңдарымызды алып, бәрін өшіріп, жаңасын жазудың орнына нашар және тиімсіз заңдарды жазамыз, оның үстіне олар тиісті деңгейде орындалмайды, түрлі аймақтарда әртүрлі түсіндіріледі. Яғни арба бір орнында, жүрмейді, біз келіп оны бояймыз, косметикалық өзгерістер жасаймыз. Ал бізге сол арбаныі өзін ауыстыру керек. Яғни, көптеген заңдарды өзгерту қажет», - деді Расул Рысмамбетов.

«Мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту керек»

Ал тағы бір экономист маман Марат Қайырленов экономикалық жаңа модель мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуы тиіс деп санайды.

«Экономикалық жаңа модельде біз мемлекеттің функцияларын, рөлін өзгертіп, экономика құрылымындағы мұндай өзгерістерді дұрыс бағытқа салу керек. Мәселен, жеке секторға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. 2014-2015 жылдары да осы тәсілді жаңғырту қолға алынды, алайда ол дұрыс нәтиже берген жоқ. Сондықтан түбегейлі шараларды, мысалы, мемлекеттік холдингтерді таратып, мемлекеттің экономикадағы шамадан тыс қатысуын азайту керек. Өйткені қазір экономика тығырыққа тіреліп тұр. Бізде жалпы ішкі өнімнің долларлық көлемі соңғы 10 жыл бұрын болған көрсеткішке қайта оралып келе жатыр. Мұны қалпына келтіру жұмыстары жүруде, алайда өткен онжылдықта біраз дүниені жоғалттық», - деді ол.

Фото: egemen.kz

Оның пікірінше, бірінші кезекте монополияға қарсы күрес жүргізіп, жаңа бизнестің өсуіне мүмкіндіктер жасау керек. Әйтпесе, инфляцияны жеңу мүмкін емес, халықтың тұрмыс деңгейі де жақсармақ емес.

«Егер біз назар аудару керек нақты мәселелерге тоқталатын болсақ, ең алдымен, көптеген нарықтың монополиялануына жол бермеуіміз керек. Бізде көптеген нарықта іс жүзінде монополия бар, сәйкесінше, ол жерде бәсекелестік жоқ. Шындығында, бәсекелестікті қалыптастыру үшін мұндай монополия жойылуы тиіс. Екіншісі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау, рейдерлікпен күресу, заңды сақтау, өйткені бұлар да еліміздің инвестициялық тартымдылығын, бизнесті дамыту мүмкіндіктерін айқындайтын өте маңызды тұстар. Сондықтан да осы дүниелерге мейлінше назар аударылуы тиіс», - деп санайды Марат Қайырленов.

Сарапшының дерегінше, өткен жылы ЖІӨ-ге салынған инвестиция ЖІӨ-нің 15 пайызынан аз болған. Салыстырып қарасақ, елімізде мұндай көрсеткіштер Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде, яғни 25 жыл бұрын болған (1996-1997 жылдары). «Сондықтан бұл жерде, әрине, осы сұрақтарды, тәуекелдерді алып тастап, ақша-несие саясатын өзгерту қажет», - деп баса айтты.

Бұдан бөлек Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) бас директоры, экономист Жәнібек Айғазин біздің экономикадағы проблемаларымыз оның құрылымымен және бағытымен байланысты деп есептейді.

«Бізде экономика құрылымының өзі табиғи ресурстарға бағытталған. Шикізатты экспорттап, ақша табамыз. Біз шикізатты толықтай өңдемейміз, өңдеуге мүмкіндік беретін қуат жоқ, сондықтан экспорттау арзанырақ. Осының арқасында біз азық-түлік тауарларының ішкі нарығын азды-көпті қамтамасыз еттік», - деп түсіндіреді экономист.

Фото: inbusiness.kz

Екінші жағынан, оның айтуынша, өндірісті құру да оңай шаруа емес.

«Шындығында біз экономикалық тұрғыдан алғанда екі мықты әрі алпауыт мемлекетпен шектесеміз. Мәселен, Ресеймен салыстырғанда біздің халықтың саны шамамен жеті есе, ал жалпы ішкі өнім бойынша он есе аз. Осыған сәйкес өнім бірлігінің өзіндік құны жоғары. Кез келген инвестор өндірісті бастаған кезде ішкі нарықтағы сұраныс пен халықтың төлем қабілетін басшылыққа алады. Бұл өзінің бағасы мен соңғы қойылатын бағаға байланысты. Ал Қытаймен, жалпы алғанда, жүз есе айырмашылық бар. Осыған байланысты жаппай өндірілген өнім біздің елде ешқашан пайда әкелмейді, мен B2C туралы айтып отырмын. Бізге импорттау арзанырақ», - деді спикер.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ номиналды түрде шамамен 5-7 жыл бұрынғыдай, яғни 10 мың доллар шамасында. Бұл көрсеткіштің шарықтау шегі 2013 жылы болды – 13,8 мың доллар, бірақ бұған мұнай бағасының жоғары болуы мен теңгенің жоғары бағамы есебінен қол жеткізілген еді. Ал оның сөзінше, мұнайдан жоғары табыс табатын уақыт өтіп кетті.

Сарапшылардың көпшілігі осыған дейін елімізде индустрияландыруды дамыту үшін бағдарламалар қабылданғанын, алайда олардың нәтижесіз болғанын айтып отыр.

«Негізінде құралдар мен мемлекет тарапынан қолдау шаралары бар. алайда экспортталатын тауарлар саны өте аз. Бұл бағытта жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізу қажет. Барлық заңдар орындалуы тиіс әрі непотизмге жол бермеу қажет. Джо Стювэллдің әйгілі бестселлер кітабы ««How Asia Works» (Азия қалай жұмыс істейді) Жапония, Корея және Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азиядағы басқа елдердің қалай индустрияланғанын және олардың қандай дүниелерге баса мән бергенін сипаттайды. Олар үнемі іріктеп, кейбір жеке кәсіпорындарға қолдауды күшейтті. Біздің шешім қабылдауға құзыретті жандар бұл кітапты оқыған шығар, мұндағы негізгі принциптерді жүзеге асыруға болады. Бірақ барлық реформаның тиімді жүзеге асуы үшін халық талап қоюы керек, оның үстіне тек облыстық қана емес, аудандық әкімдердің де, судьялардың да адалдығын қадағалау қажет», - деп атап көрсетеді сарапшы.

«Адами капитал мен салалардағы өнімділікті арттыру қажет»

Сонымен бірге қазақстандық экономист Арман Байғанов та өз пікірін бөлісіп, жаңа экономикалық модельде адами капитал мен әртүрлі салалардағы өнімділікті арттыру керек деп атап өтті.

«Меніңше, жаңа экономикалық саясат адами капиталды дамытуды қамтуы керек, мұнда басты назар түрлі салалардағы өнімділік пен еңбек тиімділігін арттыруға аударылуы тиіс. Салаларға тоқталатын болсақ, ең алдымен өнімділікті арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және кластерлік тәсілді дамыту арқылы экстенсивті өндірістен интенсивті өндіріске көшуі тиіс ауыл шаруашылығын айтар едім. Ауыл шаруашылығы саласын дамытумен қатар, соның өнімдерін өңдеуді дамыту қажет. Өйткені біздің елде (тек қана емес) азық-түлік тауарларының жоғары инфляциясы, көрші елдерден импорттың жоғары болуы және негізгі өткізу нарықтарымыздың шетте қалуы байқалып отыр», - деп есептейді экономист.

Фото: media.az

Оның пікірінше, баса назар аударуды қажет ететін екінші сала – цифрландыру.

«Екінші – цифрландыру, атап айтқанда тауар-ақша қатынастарын цифрландыруымыз керек. Ал бұл жерде цифрлық теңгеге кезең-кезеңімен көшуді айтып отырмын. Бұл салық-бюджет саясаты, көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті сарапшы.

Айта кетейік, өткен жылы Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы 3,5%-ға дейін өседі деп болжам жасаған еді, бірақ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі Үкіметтің мәліметінше, 4,9%-ға дейін өсті. Яғни Дүниежүзілік Бакнтің болжағанынан да жақсы нәтиже көрсеткен. Десе де сарапшылар экономиканың тығырыққа тірелгенін, Қазақстан экономикасының қазіргі бағытын өзгертпесе, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала беретінін айтып отыр.