Қазақстанның жас боксшылары Азия чемпионатында бірінші орын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Филиппинде жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы алты алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның бокс федерациясына сілтеме жасап.

Чемпионаттың финалына еліміздің 8 бірдей боксшысы шықты. Олардың ішінде Махмұд Сабырхан (48 кг), Бейбарыс Жексен (52 кг), Айтжан Әшірхан (54 кг), Ерасыл Жақпеков (70 кг), Қуандық Мақсұт (75 кг) пен Сағындық Тоғамбай (80 кг) алтын олжалады, ал Ақылбек Мұхтаров (46 кг) және Бекзат Ерімбет (60 кг) күміске ие болды. Осылайша, Қазақстан құрамасы алты алтын және екі күміспен командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Екінші орында - Өзбекстан құрамасы. Олар үш алтын мен үш күміс алды. Үшінші орында - Жапония боксшылары. Олар екі алтын және бір күміс олжалады.