Қазақстанның жас ғалымы Ұлыбританиядағы халықаралық ғалымдар сайысына қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық инновациялық конкурсының «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» аталымы бойынша жеңімпазы Дана Ақылбекова Ұлыбританияда 8-9 маусым аралығында өткен ғылыми коммуникация саласының халықаралық жарысына алғаш рет Қазақстан атынан қатысты.

Айта кетейік, Қазақстанның жас ғалымдары арасындағы конкурс 2015 жылы Инвестиция және даму министрлігі мен Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттік тарапынан ұйымдастырылды. Ал Қазақстандағы British Council-мен ынтымақтастық меморандумы арқасында конкурс жеңімпазы халықаралық FameLab байқауына қатыстыру туралы уағдаластыққа қол жеткен болатын.

 «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» конкурсына еліміздің барлық дерлік өңірінен 98 ғалым атсалысған. Конкурс нәтижесінде бас жүлде иегері атанған Назарбаев Университетінің түлегі Дана Ақылбековаға  7,5 млн. теңге табыс етіліп, Қазақстан атынан халықаралық жарысқа қатысу құқығы берілді. Дана Ақылбекова елімізде өткен конкурсқа денсаулық сақтау саласындағы өзінің ғылыми зерттеу жұмысын көрсеткен болатын. Жас ғалым екінші типті диабетпен науқастанатын адамдарға инсулин егудің жаңа тәсілдерін  зерттеумен айналысады.  Дәл осы жобасын Дана Ақылбекова әлемнің 26 елінен қатысушылар бақ сынаған Ұлыбританиядағы халықаралық конкурсқа ұсынды.

«Халықаралық FameLab конкурсының чемпионы титулы үшін сайыс барысында Дана Ақылбекова финалдық алдын ала іріктеуден сүрінбей өтті. Алайда, финалдың қорытынды бөлігіне шыға алмады. Бұған негізінен осындай дәрежедегі конкурстарға қатысу тәжірибесінің жеткіліксіздігі себеп болған болуы керек. Дегенмен, әділқазылар қазақстандық жас ғалымның жобасын лайықты бағалап, Қазақстан өкілінің бұл конкурсқа өзінің жеке зерттеуін ұсынғанын ерекше бағалаған. Өйткені, халықаралық жарысқа қатысушылардың басым бөлігі басқа авторлардың ғылыми жаңалықтары туралы әңгімелеу мүмкіндігіне ие болған еді», - делінген баспасөз мәлімдемесіде.

Айта кетерлігі, қазақстандық жас ғалыммен бірге еліміздегі конкурстың 2 және 3 орын иегерлері де барды. Олардың Ұлыбританияға сапарын British Council өкілдігі қолдау көрсетті. Жас ғалымдар халықаралық жарыс аясында басқа елдерден келген әріптестерімен кездесіп, өзара тәжірибе бөлісуге мүмкіндік алды, сонымен қатар, олар әйгілі «Cheltenham Science Festival» халықаралық ғылыми фестиваліне қатысу мүмкіндігіне иеленді.