Онда Қазақстанның жас атлетшілері өнер көрсетпекші. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
27 елден келген 2 мың спортшы Якутск, Мирный және Нерюнгри алаңдарында бақ сынайды. Қазақстаннан барған 80 жас спортшы жарыс бағдарламасындағы 20 ойын түрінің 15-іне қатысады. Ойын 15 шілдеге дейін жалғасады.
«Азия балалары» V халықаралық спорттық ойындар аясында Якутск қаласында «Ресей - спорттық мемлекет» атты ІV Халықаралық спорттық форум өтіп жатыр. Оған РФ туризм, жастар саясаты және спорт министрі Виталий Мутко, күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили, олимпиада чемпионы Светлана Журова сынды және өзге де атақты спортшылар қатысуда.
Жарыс өтетін «Дохсун» жабық футбол алаңы, «Триумф» спорттық дайындық орталығы, «Чолбан» бассейні, «Модун» спорт кешендері ойынның басталуына бір күн қалғанда, салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.
Саха Республикасында 500-ден аса қазақ диаспорасы тұрады. Олар қазақстандық спортшыларды ұлттық салт-дәстүріміз бойынша қарсы алды.
Сайыстың бірінші күнін самбо күресі бастады. Бұл бастау елімізден барған делегация үшін таңғаларлық жаңалыққа толы болды: 3 самбошының үшеуі де жарыс финалына жолдама алды. Қуаныш иелері - 42 кг салмақтағы Сұңғат Жұбатқан, 48 кг салмақтағы Парасат Жұмабай және 56 кг салмақ дәрежесі бойынша Серікбай Нығмет.
Ақтық сайыста алаңға бірінші болып Сұңғат Жұбатқан шықты. Оның қарсыласы Қорған қаласының (РФ) өкілі Савелий Плеханов. Ол да осал емес. Әйткенмен, жеңіс отандасымызға бұйырды. Сәл ғана басымдылықпен белдесуді Сұңғат Жұбатқан жеңді. Ол Қазақстан Республикасынан барған «Азия балалары» V ХСО-ның алғашқы жеңімпазы болды.
Келесі болып сайыс алаңына 48 кг салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Парасат Жұмабай Алтай өңірінен келген Амыр Чадинмен күш сынасты. Алайда, сәттілік ресей спортшысының жағында болды. Үшінші болып «Жеңіске 50 жыл» спорт сарайының жарыс алаңына салмақтары 56 келіден аспайтын самбошылар шықты. Осы ойында жерлесіміз Серікбай Нығметке Ресей федерациясының Свердлов облысынан келген Евгений Новоселовпен бәсекеге түсу бұйырыпты. Десек те, біздің Серікбай ауыртпа тәсілмен еш қиындықсыз қарсыласын жеңіп, алтынды мойнына ілді. Жалпы ойында самбо бойынша 11 команда бақ сынасты.
Сонымен, ойынның алғашқы күнінде-ақ біздің құраманың еншісіне 2 алтын, 1 күміс медаль бұйырды. 2008 жылы өткен жарыста біздің құрама жалпыкомандалық екінші орын алған болатын.
Техникалық қорытынды жөнінде мына сайттар бойынша ақпарат алуға болады: www.gamesasia.ru және www.yakutsk2012.ru